Главное

Қазақстандағы жұмыссыздар саны 450 мың емес, 4,5 млн адам – Бейсенбаевтың болжамы

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев бүгін Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі кезінде Қазақстанда өзгермей келе жатқан бір статистикаға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтсақ, депутат Қазақстан соңғы 15 жылдан бері жұмыссыз адамдардың үлесі 5 пайыздан аспайды деумен келеді. Тіпті, Бейсенбаевтың айтуынша, ірі мемлекеттер пандемия кезінде халықтың едәуір бөлігі жұмыссыз қалғанда да Қазақстан осы статистикадан таймаған.

«Елімізде жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 15 жыл бойы өзгеріссіз 5 пайызды құрап отыр. Тіпті пандемия кезінде Еуропаның ірі мемлекеттерінде жұмыссыздық көрсеткіші 17 пайызға дейін өссе де, ал Қазақстанда сол баяғы 4,5 пайыз, яғни өзгермейтін 451 мың жұмыссыз адам. Бірақ, еліміздегі еңбекке қабілетті шамамен 10 миллион адамның небәрі 5,5 миллионы ғана нақты әрі тұрақты жұмыс істеп жүр. Яғни олар – қажетті салықтарын, жарналарын уақтылы төлейтін санат. Ал қалғандары қайда?!», — дейді сұрақтың жауабын іздеген ол.

Депутат бұл адамдардың көбі уақытша жұмыспен ғана нәпақасын тауып жүргеніне сенімді. Әрі Қазақстан пандемиядан кейін 4,5 млн халыққа әлі тұрақты жұмыс тауып бере алмаған күйде отыр.

«Меніңше, пандемия уақытында 42500 теңгеден көмек алған – 4,5 миллион халықты әлі күнге дейін нақты жұмыспен, не кәсіппен қамтамасыз ете алмай келеміз», — деді Бейсенбаев.

Другие новости

Back to top button