ГлавноеГосорганы

Қазақстанда вандализм мен жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза күшейді

Қазақстанда вандализм мен жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза күшейіп, тиісті заң жобасы бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Соңғы жылдары бөтеннің мүлкіне, оның ішінде азаматтар ортақ пайдаланатын заттарға қасақана зақым келтіру фактілері жиіледі. Сіздер өмірде кіреберістердегі зақымдалған лифттер, айналасы сынған, түймелері өртенген, түрлі жазумен бүлдірген фактілерге тап болған шығарсыздар. Көбіне мұндай әрекетті адамдар қасақана жасайды. Яғни, олар саналы түрде басқаның мүлкін бүлдіреді», — деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев министрліктің апталық брифингінде.

 

Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік (Қылмыстық кодекстің 202-бабы) елеулі залал келтірілген жағдайда ғана туындайды. Яғни келтірілген залал сомасы 200 АЕК-тен немесе 690 мың теңгеден асуы тиіс.

 

Сонымен қатар, залал мөлшері оған жетпеген жағдайда азаматтар өздері дәлел жинау, олардың жүрген жерін білу сияқты мәселелермен айналысады, өйткені залалды өтеу азаматтық-құқықтық алаңда шешіледі. Бұл полициядан көмек күтетін зардап шегушілер мен қоғам тарапынан теріс реакция тудырады.

«Әдетте, азаматтардың едәуір бөлігі сотқа жүгінбейді, нәтижесінде құқықбұзушылар жауапкершіліктен жалтарып кетеді. Өздеріңіз білетіндей, жазасыздық одан әрі еркінсуге жол ашады. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы да назар аударды, бұзақы-бүлдіргіштерге вандализм мен қоғамдық, сондай-ақ жекеменшік мүліктерді бүлдіргені үшін жазаны қатаңдату тапсырылды», — дейді спикер.

Осыған байланысты жұртшылықпен, мүдделі мемлекеттік органдармен вандализм, қоғамдық және жеке мүліктерді бүлдіргені үшін жазаны қатаңдату жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленді.

Биыл 3 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

«Мұнда біріншіден, вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «ҚР Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес келтірілді. Сондай-ақ, осы құқықбұзушылықтар үшін санкциялардың төмен шегі белгіленді. Енді заң бұзушыға ең төменгі сома – 172 мың теңге немесе 50 АЕК қаралған», — дейді А. Құрымбаев.

Екіншіден, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), яғни залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда да қолданылады.

«Үшіншіден, ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының (ӘҚБтК-нің 434-бабы) диспозициясына «Көліктегі немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіру» және оның құқықбұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды. Төртіншіден, Қылмыстық кодекстің 294-бабының (вандализм) жаңа редакциясын ескере отырып, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 448-бабына сәйкес келтірілген, бұл кәмелетке толмағандардың вандализмі», — деді ІІМ өкілі.

 

Другие новости

Back to top button