Выбор редакцииСоциум

Қазақстанда сотқа шағымдану қиын ба: Азаматтар нені білу керек?

Елімізде даулы мәселелердің түйінін шешу немесе қандай да бір келіспеушіліктің төрелігін кесу тікелей соттардың құзырында. Дей тұрғанымен соңғы жылдары елде сотқа арыз-шағым қалдырушылар қатары артып барады. Мысалға биылғы жылдың бірінші тоқсанында 137 мыңға жуық азаматтық талап-арыз түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға, яғни, 31 мыңға артық. Stan.kz ақпарат агенттігі осы орайда елдегі сот жүйесіне шолу жасап көрді. 

Елімізде азаматтар ісін сотта қараудың 3 түрлі санаты бар. Ол азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер. Соңғы жылдары талап-арыз қалдырушылар саны артқанымен, сот жүйесінде де соған сай өзгерістер жетерлік. Мысалға пандемияға дейін сот процестері көбіне офлайн форматта өтіп келсе, қазір бірқатары онлайн режімге көшірілген. Одан бөлек медиаторлар жұмысы да қыза түсті.

Оған дәлел биылғы бірінші тоқсанда түскен қылмыстық істің қаралмауы. Яғни 48 мың талап арызды азаматтар не қайтарып алды немесе соттар қандай да бір себептермен іс қозғаудан бас тартқан. Бір ерекшелігі барлық түскен шағымдардың 40 пайыздайы тек 3 облысқа ғана тиесілі екен. Алматыға — 31,5 мың, Астанаға — 10,9 мың және Қарағанды ​​облысына — 9,8 мың.

Сонымен қатар, соттың соңғы ақпаратына сүйенсек, елімізде татуластыру ісі белсенді болғалы сотта қаралатын жағдайлар азайған. Яғни арыз-шағым жазушылар қатары көп болғанымен дәл сол сотқа жететін іс аз. Бұл әрине 2018 жылдан бастап елде құрылған татуластыру орталықтарының нәтижесі. Қарапайым азаматтық дау-дамайдың 90 пайызға жуығы сотқа жетпейді екен.

Статистикаға сүйенсек, соңғы 4 жылда сотқа түсетін талап арыздар саны 2,5 есеге, яғни 900 мыңнан 370 мыңға дейін азайған. Бұрындары сотқа шағымданушылардың 2-3 пайызы татуласумен аяқталса, қазір бұл көрсеткіш 34 пайызға жетіпті. Демек, әрбір үшінші істе тараптар бітімге келген.

сот

Десе де, азаматтар өз мәселесін сотта шешуі үшін мына жайттарды білгені жөн. Яғни, азаматтық болсын, қылмыстық іс болсын сотқа төленетін өзіндік қаражат мөлшері бар. Яғни мемлекеттік баж және сот жүргізуге байланысты шығындар. 

Соттың жәбірленуші тараптың арызын қабылдауы үшін міндетті түрде мемлекеттік баж салығы төленеді. Оның тәртібі мен көлемі Салық кодексімен белгіленеді. Егер бұған келмесе онда айлық есептік көрсеткіш мөлшерімен есептеледі. Негізінен мемлекеттік баж ставкалары Салық кодексінің 496 – бабы 1- бөлігіне сәйкес мүліктік сипаттағы талап арыздардан былай алынады. Яғни жеке тұлғалар үшін – талап сомасының – 1 пайызы және заңды тұлғалар үшін – талап сомасының 3 пайызы мөлшерінде.

Сотта талап қоюшы өндіріп алатын мүлік соммасын немесе қаражат мөлшерін өзі көрсетеді. Егер талапқа сәйкес келмеген жағдайда оны судья өзі айқындап береді.

Мұнда ескеретін жайт, баж салығын талап қоюшы төлегенімен, оны кері қайтарып алу мүмкіндігі бар. Яғни сот процесі соның жағына шыққан жағдайда өндірілген қаражат мөлшерінен салық органына қайтару туралы арыз жазылуы тиіс. Ол шешім қабылданғаннан кейін 10 күн ішінде беріледі.

Соттасатын азаматқа мән беретін екінші мәселе ол сот шығындары. Сот шығындары өте көп. Ол қатарда куәгерлер мен сарапшыларға төленетін ақша, заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты бөлінетін қаражат, одан бөлек жауапкерді іздестіру, ісі бойынша хабарландыру, тараптарды сотқа шақыру, олардың жол ақысы, егер алыста тұрса жалдап тұратын тұрғын жайы дегендей. Сол секілді сот қажет деп тапқан өзге де шығындар кіреді.

Одан бөлек адвокат мәселесі тағы бар. Қазіргі таңда талапкер өндіріп алғысы келген сомманың кемі 10 пайызын сол адвокатқа төлеуі тиіс. Мысалға азамат 15 миллион теңге тұратын пәтерді өзіне қайтарғысы келеді. Ол үшін арызданушы міндетті түрде баж бен сот шығындарынан бөлек адвокат жұмысына ақша төлейді. Яғни 10 пайызы 150 мың теңге мөлшерінде.

Ал жоғарыда айтылған куәгерлер мен сарапшыларға төленетін ақша да үш түрлі санатта бекітіледі. Яғни егер тараптар өздері арнайы алдыртса онда өз қалталарынан келіскен соммасын төлейді. Егер де арызданушыға қажет болса онда ол шақырылған маманға өз қалтасынан төлейді, кейін сол ақшаны өндіріп алушыдан алып беруін талап етеді. Үшінші жағдайда, яғни екі тараптың мәселесін қарауға сот тарапынан маман керек болған жағдайда онда қаражат мемлекет бюджетінен төленеді.

Жалпы алғанда талапкер соттасып жатса өндіріп алатын сомманың кемі 15-20 пайызы мөлшерінде ақша шығарады.

Осы төлемдерді толық ескере отырып, талап арыз беруші алдын ала қалтасындағы ақшасын есептеп алған жөн.

Егер нақты шешім қабылданып жатса онда қазір барлық процесске қажетті үлгі өзінің тиісті шағым жазатын ауданына қарасты сот сайтында ашық және қолжетімді жағдайда тұр.

сот

Осы орайда белгілі заңгер Думан Көпбаев Қазақстандағы сотқа шағымдану процесі пандемиядан кейін ерекше жеңілдей түскенін айтып берді. Сөзінше бұрындары әрбір іске байланысты құжат керек болса не арызданатын болса сотқа арнайылап барып, кезекке тұрып, уақыт құртып шаршайтын азаматтар. Ал қазір көп іс электронды жүйеге көшірілген.

“Бүгінде азаматтар сотқа барып, уақыт құртып, жол жүріп, арызданбайды. Ол өткен ғасыр болып саналады. Қазір сот кабинетіне кіріп сол жерге тіркеліп, содан арыз шағымын қалдыра береді. Екінші мәселе сот процесін халыққа ыңғайлы жасау үшін азаматтық істер онлайн болып жатыр. Ал қылмыстық істер офлайн режімде өтеді. Бұл мемлекеттің халыққа жасаған жақсылығы. Сот процесінде Бағдат Мусиннің жасаған еңбегі зор негізі. Цифрландыру жұмыстары аясында бір жүйеге келтірді. Сондықтан әр азамат қажетті шешім керек болса оның бәрін сот кабинетінен көре алады. Мейлі 2-3 жыл бұрынғы сот болсын. Барлық ақпаратты, деректі сол жерден қарай береді. Өйткені азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істердің барлығы оңтайландырылып, электронды нұсқада жинақталған.

Бұрын азаматтар бұл үшін кәдімгідей сот ғимаратына барып, кезекке тұрып, арыз жазып, талаптарын күтетін болса, қазір бәрі сайтта тұр. Тілін білсе өзі көре алады, болмаса адвокаттар арқылы ала алады. Сондықтан сот кабинеті деген қолайлы, тиімді өте жақсы бастама болды. Оны бәрі де айтып жүр”, — дейді Думан Көпбаев.

Сондай-ақ, заңгер азаматтық іс тәртібінде арызданатын адам болса, онда ол сот сайтына кіріп, жеке кабинетке тіркеледі. Кейін сол жердегі үлгі бойынша шағымын жазып, жеке куәлігінің сканерленген нұсқасын жүктеп жібере береді дейді. Ал оны сот қарайтын болса міндетті түрде СМС хабарлама түрінде ескерту келеді екен. Ары қарай мемлекеттік баж бен сот шығындарына дайын болу керек.

Другие новости

Back to top button