ГлавноеГосорганы

Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру қалай жүргізіледі — ІІМ жауап берді

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру үшін «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы автоцонға өтініш беруге болады. Сондай-ақ, көлік иесі 4 құжат ұсынады. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

“Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы автоцонға жеке жүгіну арқылы беруге болады. Автоцондарда арнайы секторлар ұйымдастырылады, олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады. Сондай-ақ, сол жерде Әкімшілік полиция қызметкері заңдастырудан өту тәртібін түсіндіріп береді. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері де қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің тәртібін түсіндіреді”, — деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.

Комитет төрағасы көлікті заңдастыру кезінде қандай құжаттар тізімі қажет екенін айтты.

“Бұл жағдайда көлік иесі 4 құжатты ұсынуы керек.

Біріншіден, өтініш беру қажет. Екінші, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін) қажет. Одан кейін, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік керек. Төртінші, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат”, — деп түсіндірді Қайсар Сұлтанбаев ІІМ-нің баспасөз алаңында.

Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін көлік құралын автоцонның тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисі жүргізеді.

“Біз салыстырып тексеруден өткеннен кейін екі күн ішінде көлік құралын заңдастыруға болатын-болмайтыны жөнінде шешім шығаруымыз керек. Көрсетілген мерзім ішінде көлік құралы қағидаларда айқындалған өлшемшарттарға сәйкестігі тексеріледі. Яғни елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінгені, іздестіруде болуы, кедендік тазартудан өтуі, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығару мәніне тексерілетін болады”, — деп атап өтті Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.

Комитет төрағасының сөзінше, көлікті Қазақстанға әкелу күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе Мемлекеттік кірістер органдарының жүйелері бойынша айқындалады. Автокөліктің шекарадан өту есебі оның ВИН-коды бойынша жүргізіледі.

“Шекара қызметінде немесе Мемлекеттік кірістер органдарында көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған кезде (мысалы, егер автомобиль Қазақстан аумағында жеткілікті ұзақ уақыт болса), автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болған күні автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күні бойынша анықталатын болады. Автокөлік Интерпол және ТМД базалары бойынша тексеріледі, ал Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік жүйесі бойынша кедендік тазартудан өту тексерледі. Бұл процесс те толық автоматтандырылған”, — деп атап өтті Қайсар Сұлтанбаев.

Тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушінің ұялы телефонына оң нәтиже туралы және көлік құралын тіркеу үшін арнайы хабарлама жіберіледі.

“Көлік құралын тіркеуге арнайы автоцонға қайта келген кезде көлік иесі алғашқы тіркеу үшін 200 000 теңге төлейді, техпаспорт үшін мемлекеттік баж (4 313 теңге), сондай-ақ мемлекеттік нөмір (9 660 теңге) мөлшерінде алым төлейді. Бұл құжаттардың түпнұсқаларын автоцон қызметкеріне тапсырады (шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжат). Тіркеу бекітілгеннен кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірлері беріледі”, – деді комитет басшысы.

Қайсар Сұлтанбаев шетелдік автокөліктерді осы кездегі заңдастыру жұмыстары бір реттік акция екенін ескертті.

Другие новости

Back to top button