Елімізде шенеуніктер мен күштік құрылыс қызметкерлері ойынханаларға кіруге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Қазақстан Республикасы президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы» қаулы жобасында келесі жарлықтарды өзгерту жоспарланған:
- «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы» жарлығы
- «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексін бекіту туралы» жарлығы;
- «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» жарлығы.
Оның ішінде әскери қызметкерлерге заңнамада белгіленген қызметтік әдеп нормаларын сақтау, оның ішінде «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген анықтамаға жататын ойын мекемесіне барудан тартыну міндеттеледі. Дегенмен қызмет бабына сәйкес казиноға бара алады.
«Түзетулер мемлекеттік билік органының абыройы мен беделіне оның өкілдерінің тарапынан нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге, беделдік тәуекелдерді төмендетуге бағытталған», – делінген жоба мәтінінде.
Құжат 28 тамызға дейін қоғам талқысында болады.