Қазақстанда қай аймақтың мұғалімдері көп жалақы алады

Қазақстанның білім беру саласындағы орташа жалақы мөлшері 302 мың 428 теңге болды. Дегенмен, бұл көрсеткіш білім деңгейіне және аймаққа байланысты айтарлықтай өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстандағы орташа жалақы 423 133 теңге. Бір жыл ішінде номиналды түрде 10,7%-ға өссе, керісінше тоқсанда 2,7%-ға төмендеген. Сонымен қатар орташа көрсеткіш экономикалық қызмет түрлері бойынша айтарлықтай өзгереді.
Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, білім беру саласында 2025 жылдың бірінші тоқсанында орташа атаулы жалақы 302 428 теңге болған. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 2,8%-ға аз, бір жыл бұрынғыдан 6,1%-ға ғана артық. Айта кетейік, көрсетілген өсім номиналды, яғни елдегі инфляцияны есепке алмайды. Тоқсан сайын нақты жалақы 6,1%-ға, ал жылдық негізде 3%-ға төмендеді.
Сонымен қатар білім беру саласы қызметкерлер саны бойынша бірінші орында тұр. Соңғы мәліметтер бойынша білім саласында 1 108 400 адам жұмыс істейді, оның 830 988-і әйелдер.
Ал білім деңгейі бойынша қарастырсақ, жағдай мынадай:
- мектепке дейінгі білім беру – 201 440 теңге;
- бастауыш білім – 249 992 теңге;
- орта білім – 327 623 теңге;
- жоғары білім – 410 230 теңге;
- басқа білім – 249 548 теңге;
- білім беру саласындағы көмекші қызметке – 256 290 теңге.
Барлық сектордың ішінде жоғары білім саласында ғана жалақы өткені байқалады. Оның мөлшері 2% артқан. Ал білім беру саласындағы көмекші қызметтің жалақы мөлшері бір жылмен салыстырғанда 18,8%-ға дейін төмендеген.
Фото: Ұлттық статистика бюросы
Мұндай көрсеткіш облыс көлемінде де байқалады. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында орташа жалақы 266 391 теңгеден, Астанада 428 032 теңгеге дейін. Алматыда орташа жалақы 354 961 теңге болса, Шымкентте небәрі 285 599 теңге.
Сонымен қатар білім беру саласы қызметкерлерінің саны көп Түркістан облысында (151 мыңнан астам) жалақы республикалық көрсеткіштен әлдеқайда төмен – 276 379 теңге. Ал Ұлытау облысында бұл салада небәрі 11 781 адам жұмыс істесе де, мұндағы орташа жалақы сәл жоғары – 289 041 теңге.
Білім беру саласы жалақысы мемлекеттік деңгейде тұрақты түрде көтерілетін санаулы салалардың бірі. Еліміздің ауылдық жерлерінде жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай жоғары.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда орташа жалақы көлемі 435 мың теңгеге дейін өскені туралы жазған едік.