Госорганы

Қазақстанда өңделмеген тері экспортына қатысты мәселе қандай

Қазақстанда өңделмеген ірі қара терісінің экспорты кезінде алынатын баж салығы қалдырылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңделмеген терілерді әкетуге қатысты экспорттық кеден бажын алып тастаудың орындылығы мәселесі бірнеше рет көтерілді. 2022 жылғы 8 ақпанда және 21 сәуірде бұл мәселе Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды. Оның қорытындысы бойынша 2021 жылғы қолданылған өңделмеген терілерге қатысты нөлдік баждың әсеріне талдау жүргізілді және экспорттық кедендік бажды жоюдың орынсыздығы туралы шешім қабылданды», — деп атап өтеді Бақыт Сұлтанов жауабында.

Оның дерегінше, қазіргі уақытта республикада қуаты жылына 4 млн теріге дейін ірі қара мал терісін өңдейтін 10-нан астам былғары кәсіпорны жұмыс істейді.

Мәселен, 2022 жылғы қаңтар-мамыр айларында 254 мың дана ірі қара мал терісі қайта өңделді. Оның ішінде былғары өндірісі 70 пайызға өсіп, 71 млн шаршы дм құрады. Иленген былғары экспорты 6,5 есеге артты. 2020-2021 жылдары Семей және Арқалық қалаларында бұрын тоқтап тұрған былғары зауыттарының кәсіпорындары қайта іске қосылды. 2022 жылғы мамыр айында Тараз былғары зауыты іске қосылды. Ол 2017 жылдан 2022 жылға дейін тоқтап тұрды. Қазіргі уақытта Қытай мен Түркия елдерінің кәсіпорындары тарапынан былғары сатып алу бойынша сұраныс түсіп жатыр.

«2021 жылы түрік инвесторының қатысуымен Алматы облысында жалпы құны 9,8 млрд теңге болатын желатин өндіретін зауыттың («Halavet KZ» ЖШС) құрылысы басталды. Ол күніне 500 тонна (25 мың дана) ірі қара мал терісін өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте инвестордың негізгі шарттарының бірі шектеу шараларын енгізу арқылы шикізатпен қамтамасыз ету болып табылады. Жобаны іске қосу 2023 жылғы мамыр айына жоспарланған. Баяндалғанды ескере отырып, сондай ақ отандық өндірісті дамыту мақсатында қолданыстағы кедендік әкету баждарын өңделмеген ірі терілерге қалдыру орынды деп санаймыз. Бұл ретте, қажет болған жағдайда уәкілетті мемлекеттік орган өңделмеген ұсақ терілерге баж салығын алып тастау мәселесін қарастыратын болады», — деді ол.

Другие новости

Back to top button