«Қазақстанда мұғалімдерді итше жұмсайды»: қостанайлық мектеп қызметкері әкімдіктің тапсырмасына шағымданды
Видо авторы қалалық білім басқарасының мектеп жұмысшыларын жүк тасуға жегіп қойғанын айтып, наразылығын білдірді
Қостанай облысының әкімдігі мектеп жұмысшыларының күшімен жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетті. Бұл туралы мектеп қызметкерінің әлеуметтік желіге жүктеген видеосынан белгілі болды.
Видео авторы қалалық білім басқарасының мектеп жұмысшыларын жүк тасуға жегіп қойғанын айтып, наразылығын білдірді.
«Бізді қазір қалалық білім басқармасы шақырып алды. Бізді қоймаға әкеліп, «бұл облыстық әкімінің тапсырмасы» дейді. Түсініп жатырсыздар ғой, Қазақстанда мұғалімдерді, мектеп қызметкерлерін қалай итше жұмсайтынын. Ұн, қант сияқты заттарды мектептің қара жұмысшыларына тасытып қойып жатыр. Бәрінің жастары үлкен кісілер», — дейді жазба авторы.
Кадрлардан қоймадағы қап-қап ұн мен қанттың көліктерге тиеліп жатқанын көруге болады. Автордың айтуынша, олар оны әлеуметтік жағдайы төмен және толық емес отбасыларға тасиды.
«Әкім «типа жақсылық» жасап жатыр. Бірақ жақсылықты ол біреуді жұмсау арқылы істеп жатыр. Неге тасымалдаушыларды жалдай салмайды?», — дейді ол.
Аталған мәселеге Azattyq Ruhy тілшісі облыстық білім басқармасына хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтады.
«Қостанай қаласының білім бөліміне кәсіпкерлер мен тұрғындарға жанашыр азаматтардан әлеуметтік қорғалмаған санаттағы балаларға гуманитарлық көмек көрсету туралы ұсыныс түсті. Бұл — біздің балаларымыздың отбасыларына көмек көрсетудің жақсы мүмкіндігі. Ұнды жеткізуге білім беру бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ педагог емес еріктілер, мектеп қызметкерлері қатысты. Игі іске қатысу ерікті болды, мектеп директоры да, білім бөлімі де бұл акцияға қатысуға мәжбүрлеген жоқ. Видео авторы мұғалім емес, ол зертханашы болып жұмыс істейді», — делінген жауапта.