Қазақстанда мұғалімдер мен әлеуметтік қызметкерлерге шабуыл жасағандарға да жауапкершілік күшейтілмек

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев дәрігерлерге, мұғалімдерге және әлеуметтік қызметкерлерге жасалған шабуылдарға қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесі қаралып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, соңғы уақытта мемлекеттік және квазимемлекеттік сала қызметкерлеріне, соның ішінде үйге барып әлеуметтік көмек көрсететін мамандар мен мұғалімдерге қарсы агрессия күшейіп отыр.
«Бұл тек медицина қызметкерлеріне қатысты емес. Құқықтық қорғаныс тек денсаулық сақтау саласына емес, басқа да салаларға қатысты болуы керек деп санаймыз. Мысалы, үйге барып әлеуметтік көмек көрсететін қызметкерлер де қауіпке ұшырайды. Кей адамдар ашу үстінде агрессивті әрекетке барады. Бұл олардың үйіне келген мамандарға әсер етеді. Кейінгі уақытта мұғалімдерге жасалған шабуылдар да жиілеп кетті. Заң бойынша, иә, мұғалімдер қорғалған тұлғалар санатына кіреді. Бірақ кей жағдайда жасалған әрекеттердің ауырлығына жауапкершілік деңгейі сай келмей жатады. Біз бұл мәселені де қарастырып жатырмыз», – деді ол.
Сонымен қатар ол азаматтардан келіп түскен барлық ұсыныс-тілектер депутаттармен бірге талқыланатынын жеткізді.