Госорганы

Қазақстанда маскүнемдерді айықтыру орталықтары жетпей жатыр – ҚР ІІМ

Қазақстанда маскүнемдерді медициналық айықтыру орталықтарының жетіспеушілігі байқалады, тағы қосымша 31 мекеме қажет. Бұл жөнінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Тұрмыстық қылмыстардың көпшілігі – шамамен 80% мас күйінде жасалады. Сол себепті, мас күйіндегі тұрмыстық жанжалқойларды оқшаулау мәселесі маңызды болып отыр. Еліміз бойынша 880 төсек-орны бар 35 уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы (медициналық айықтырғыш) жұмыс істейді. Бұл өте аз. Олардың барлығы облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан. Бұл проблема ең өзекті болып отырған моноқалаларда мүлдем жоқ», — деді И. Лепеха Үкімет отырысында.

Спикердің айтуынша, күннің бірінші жартысында-ақ айықтырғыштар толып қалады. Кешкі және түнгі уақыттарда орын болмайды.

«Мысалы Өскеменде 20 төсек-орны бар бір ғана мекеме жұмыс істейді. Онда полицейлер 9 мың құқық бұзушыны жеткізіп, тек 5 мың адамды орналастырды. Сол сияқты Павлодарда 24 төсек-орынға бір ғана айықтырғыш бар. Жалпы, еліміз бойынша тағы 582 төсек-орынға осындай 31 мекеме қажет», — деді министрлік өкілі.

Мұндай мекемелер Атырау және Түркістан облыстарында – төртеуден, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында — үшеуден, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында – екеуден, сондай-ақ Астана, Алматы, Қарағанды және Ұлытау облыстарында – бір-бірден қажет болып отыр.

«Тағы бір мәселе – маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеу. Бұл процедура өте бюрократияланған. Мамандандырылған медициналық мекемелердің саны да жеткіліксіз. Бос төсек-орындардың болмауына байланысты 800 адамға қатысты мәжбүрлеп емдеу туралы сот шешімі орындалмай отыр», — деді И. Лепеха.

Бұған дейін Игорь Лепеха Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасы қалай күшейтілгенін айтып берген еді.

Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша отбасылардың 43% татуласады.

Другие новости

Back to top button