Қазақстанда кімдер декреттік төлемдерден айырылады?
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры декретке шыққан ана немесе әке баласы 1,5 жасқа толмай тұрып жұмысқа орналасса, декреттік төлем тоқтатылатынын еске салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» декретке шыққан анасына немесе әкесіне бала күтіміне байланысты табысынан айырылғандықтан, әлеуметтік төлем төлейді. Бұл төлем оған баласы 1,5 жасқа толғанға дейін беріледі. Дегенмен декреттегі ана немесе әке ресми жұмысқа орналасса, декреттік төлем толық тоқтап қалады.
“Бұл төлемді алудағы негізгі шарт – адамның табысынан айырылғанында және бала күтімімен айналысқанында. Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемді алатын уақыт, яғни 18 ай бойы сақталуы керек. Осы ретте төлем алушыда әлеуметтік төлемді алып жатқан кезде еңбек қызметін жүзеге асырса, табысынан айырылған болып есептелмей қалады”, – деп еске салды қор.Декретке шыққан ата-ана жұмысқа орналасса, мұны 10 жұмыс күн ішінде “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне хабарлауы керек. Ол арыз жазғаннан кейінгі келесі айдың бірінен бастап төлем тоқтылады.
Ата-ана еңбек қызметіне қайта оралғанын ескертпесе, сот шешімі бойынша ол жұмыс істеп бастаған уақытынан бастап алған төлемді қайтаруға міндеттеледі.
Сонымен қатар қордың мәліметінше, Әлеуметтік кодекс бойынша, көп балалы аналар республикалық бюджет қаражаты есебінен тиісті жәрдемақы алады. Ал отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспаса, онда бюджет қаражаты есебінен атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады.