Қазақстанда жұмыс орнында орынсыз қырындағандарға талап күшейтіледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Ашық НҚА» порталында еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жариялады. Құжаттың басты бағыттарының бірі – жұмыс орнындағы сексуалдық сипаттағы қудалауға қарсы күрес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын құжатта елімізде алғаш рет еңбек ұжымдарындағы сексуалдық қудалау мәселесі заңнамалық деңгейде нақты көрсетіліп отыр. Бұл бастама қызметкерлердің құқығын қорғауға және жұмыс орнында қауіпсіз орта қалыптастыруда жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға сеп болмақ.
Заң қабылданғаннан кейін жұмыс берушілер қудалау фактілеріне нақты әрі жедел әрекет етуге, сондай-ақ шағымдарды қарау бойынша ішкі рәсімдер әзірлеуге міндетті болады деп күтілуде. Ал қызметкерлер өз құқықтарын қорғауға қосымша кепілдіктер алады.
Қазір жоба көпшілік талқылауына ұсынылған. Барлық мүдделі азаматтар мен сарапшылар «Ашық НҚА» сайтында өз пікірлері мен ұсыныстарын қалдыра алады.
Харассмент – бұл сексуалдық сипаттағы қудалау. Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха заңнамада «харассмент» және «сталкеринг» ұғымдары енгізіле ме деген сұраққа пікір білдіріп, бұл мәселеде «менталитет ерекшеліктерін» ескеру қажет екенін айтқан болатын.