Қазақстанда жемқорлардың тізімі жарияланады: оған кімдерді енгізгелі жатыр
Парламентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТТАЛУШЫ ОЛ ТІЗІМГЕ ҚАШАН ЕНЕДІ
Антикор төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, заң жобасы бойынша ең алдымен, сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу көзделген.
Бұл – профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғамдық мін тағумен, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылады. Соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі тізіліміге енгізуге негіз болып танылады, – дейді ол.
Тізілімінен ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде шығару мүмкін болады. Тізілім агенттіктің сайтында орналастырылады. Тізілімді агенттіктің өзі жүргізеді.
ТАҒЫ ҚАНДАЙ НОРМАЛАР БАР
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң «мүдделер қақтығысы» атты жаңа тарауымен толықтырылады. Осы тарауда мемлекеттік қызметшілер мен олардың басшыларының мүдделер қақтығысы болған кезде міндеттері көзделген. Мәселен, мүдделер қақтығысы туралы хабарларды немесе басқа көздерден алынған мүдделер қақтығысы туралы ақпаратты мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер, квазимемлекеттік ұйымдарда – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер, ал олар болмаған кезде, кадр қызметтері қарайды.
Хабарламаны қарау қорытындысы бойынша көрсетілген бөлімшелер органның немесе ұйымның басшылығына мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу бойынша ұсынымдар немесе мүдделер қақтығысының болмағандығы туралы қорытынды ұсынады.
Мүдделер қақтығысы болған кезде мемлекеттік органның немесе ұйымның басшылығы ұсынымдарды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша шараларды қабылдауға міндетті. Оның ішінде қызметшіні мүдделер қақтығысы туындаса лауазымдық міндеттерін орындаудан шеттетуге және сәйкесінше, өтінішті, бұйрықты және тағы да сол сияқты құжаттарды қарауды өзге адамға тапсыруға міндетті.