«Ана тілі» басылымына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты шықты. Көп сұрақтың ішінде оған БҰҰ-ға қызметке баратыны немесе бармайтыны жөнінде сауал қойылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Ақыры, Біріккен Ұлттар Ұйымы туралы айтылған соң, бір тосын сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр. Осы қауесеттің негізі бар ма? – деп сұрақ қойылған президентке.
Бұл сұраққа жауап берген Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқарғанын айтқан.
– Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін, – дейді ол.