Қазақстанда жалған ажырасу өршіп тұр: депутат Парламент қабырғасында дабыл қақты
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы елімізде әлеуметтік көмек алу үшін ресми түрде ажырасып, алайда бірге тұрып жатқан отбасылардың қатары көбейгенін айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сөз басында ол Қазақстанда ресми түрде ажырасу көрсеткіші күрт артқанын айрықша қозғап, алайда оның да астарында тұрған мәселелер бар екенін айтты.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2024 жылы әлемде ажырасу деңгейі ең жоғары 5 елдің бірі – Қазақстан болды. Деректерге сүйенсек, ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2,3 адамды құрайды. 2023 жылғы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, оның 40,2 мыңы ажырасты.
Тіпті кей жылдары Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталды. Осы ажырасқан отбасылардың көп бөлігі – қала тұрғындары. Пайыздық өлшеммен алғанда 73,1 пайызды құрайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында отбасылардың арасында жалған ажырасу дерегі жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын», — дейді мәжілісмен.
Депутат сөзін жалғай отырып, жыл басында өңірлерді аралап, халықпен кездесіп, олардың қоғамды дамытуға байланысты пікірін тыңдап, біраз мәліметке қанық болғанын айтты. Өз сөзінде жергілікті жердің әкімдері жалған ажырасу фактісі көбейгенін жеткізгенін тілге тиек етті.
«Шыны керек, өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті, ағайын-туысы да көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтады. Яғни, кейбір отбасылар саналы түрде құжат негізінде ажырасқанымен бір үйде тұрып, бала тәрбиесімен бірге айналысып, тіршілік етіп жүр. Мұндай қадамға барған жанұялар мемлекеттен субсидия мен жеңілдік алу үшін барын салады.
Жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүретін отбасылардың әрекетін шарасыздықтан деп ақтап алуға да болар. Бірақ олар нағыз мұқтаждардың жолын кесіп жатқанын түсінуіміз керек. Олар тауқымет тартқан талай отбасының алдын орап, кезегін кешіктіріп, обалына қалып отыр. Мәселенің мәні осында», — дейді депутат.
Мәжіліс депутатының айтуынша ресми түрде ажырасып, алайда бірге тұрып жатқандардың арасында мемлекеттік қызметте және бизнесте жүрген жағдайлы отбасылар кездеседі. Яғни, тегін келетін үйдің кезегіне тетігін тауып тұрып алған. Тіпті, зәулім үйлерде тұрып, атаулы әлеуметтік көмекті алудан да бас тартпай отырғандар қаншама, дейді ол.
«Өтірікке құрылған неке отбасылық құндылықты да құлдыратып жіберетіні анық. Бұл да үлкен мәселе. Соңғы уақытта сот тәжірибесінде де «жалған ажырасу» деген тіркес жиі айтыла бастады. Бұл жағдай ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасуын алдын алу маңызы екенін тағы да көрсетеді.
Құқықтық тұрғыда бағалайтын болсақ, «жалған некенің» де, «жалған ажырасудың» да табиғаты – алаяқтықпен тең. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Неке және отбасы туралы» заңында жалған ажырасуды реттейтін бап та, норма да жоқ. Міне, осы заңды жетілдіретін кез келді. Некені сақтау мен жалған некені алдын алуда халықаралық тәжірибені саралап, тиімді тұстарын басшылыққа алу қажет.
Жас буынды отбасы құндылықтарына деген жауапкершілікті ұлттық таным тұрғысынан дәріптеуді жандандыру да үлкен міндет», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.
Сөз соңында депутат діни және азаматтық неке мәселесіне де тоқталып шықты.
«Мемлекеттік тіркеусіз жасалатын діни неке және азаматтық некені реттеудің де тетігін қарастыратын уақыт жетті. Осы ретте, жауапсыз тұлғалардан алимент өндіру ісін де жетілдіру аса маңызды.
Біз Үкіметтен осы бағытта Заңға сапалы өзгертулер мен толықтырулар әзірлеп, ұсынуын күтеміз. Депутат ретінде ұсыныстарды талқылап, талдауға көмектесуге қашан да әзірміз», — деп Жарқынбек Амантайұлы сөзін түйіндеді.