Главное

Қазақстанда электронды цифрлық қолтаңбаны алу тәртібі өзгереді: енді тек онлайн

Қазақстанда 11 тамыздан бастап электронды цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу тәртібі жаңартылады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің шешімімен бұл қызмет толығымен онлайн форматқа көшіріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа жүйе дербес деректердің қауіпсіздігін күшейтеді

Бұл өзгеріс азаматтардың жеке деректерін қорғау деңгейін арттыруға және бөгде адамдардың ЭЦҚ алуын болдырмауға бағытталған.

Бұған дейін ЭЦҚ-ны eGov.kz порталы арқылы да, ХҚКО-да да алуға болатын. Енді тек онлайн рәсімделеді.

ЭЦҚ-ны онлайн алу жолы:

  1. egov.kz немесе pki.gov.kz порталына кіріңіз;
  2. Онлайн өтінімді толтырыңыз;
  3. Биометриялық сәйкестендіруден өтіңіз – жүйе камера арқылы бет-әлпетіңізді таниды;
  4. Жүйе сізді сәтті таныған жағдайда, ЭЦҚ бірден беріледі – ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ.

Егер жүйе сізді танымаса не болады?

  • Жүйе 5 ретке дейін биометриялық тексеруден өтуге мүмкіндік береді.
  • Егер барлық әрекет сәтсіз аяқталса, тек сол кезде ғана ХҚКО-ға жүгінуге рұқсат беріледі.
  • Бұл шектеу – ЭЦҚ-ны бөгде адамның заңсыз алуын болдырмауға бағытталған.

ХҚКО-да операторға жүгіну үшін не қажет?

  • Ең алдымен биометриядан 5 рет сәтсіз өтуіңіз керек.
  • ХҚКО операторы ЖСН арқылы тексеріс жүргізеді және тек осы жағдайда ғана өтінім қабылдай алады.
  • Биометриялық растаусыз ХҚКО арқылы ЭЦҚ рәсімдеу мүмкін емес.

Компьютері немесе интернеті жоқ азаматтарға арнайы мүмкіндік бар

Интернетке қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін ХҚКО-ның өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында биометриялық сәйкестендіруден өту мүмкіндігі жасалған. Егер сәйкестендіру сәтті өтсе, операторсыз-ақ ЭЦҚ кілті онлайн беріледі.

ЭЦҚ-ның 92%-ы қашықтан рәсімделген

2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 14,9 миллионнан астам ЭЦҚ кілті берілген, оның ішінде:

  • 92,25%-ы – қашықтан сәйкестендіру арқылы;
  • 7,75%-ы – ХҚКО арқылы.

Бұл көрсеткіштер қазақстандықтардың цифрлық қызметтерге белсенді бейімделіп жатқанын дәлелдейді.

Биометрия – ЭЦҚ қауіпсіздігінің басты кепілі

ЭЦҚ – қолмен қойылған қолтаңбамен тең заңды күшке ие. Сондықтан оны тек иесінің өзі ғана алуы тиіс. Биометрия технологиясы арқылы ЭЦҚ кілттерін бөгде адамның заңсыз иеленуіне тосқауыл қойылады.

Другие новости

Back to top button