Қазақстанда ChatGPT қымбаттайды

1 тамыздан бастап Қазақстанда ChatGPT қымбаттайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
1 тамыздан бастап OpenAI Қазақстан пайдаланушылары үшін жазылым құнына қосымша құн салығын (ҚҚС) қоса есептейтін болады.
Қолданыстағы ҚҚС мөлшерлемесін ескерсек, ChatGPT-тің ақылы жазылымының бағасы $20-дан $22,40-қа дейін қымбаттайды. OpenAI компаниясының мәліметінше, Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бұл салықтан босатылуы мүмкін.
Ол үшін 2025 жылдың 1 тамызына дейін жеке аккаунттың салық деректері бөлімінде БСН көрсету қажет.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті ChatGPT әзірлеушісі OpenAI компаниясының Қазақстанда ҚҚС төлеуші ретінде тіркелгенін хабарлаған болатын.
2025 жылдың мамырында АҚШ-тың жасанды интеллект саласындағы жетекші ұйымы OpenAI, L.L.C. шартты түрде тіркеуден өткен. Комитеттің түсіндіруінше, енді Қазақстан аумағында жеке тұлғаларға қызмет көрсету кезінде чат-бот Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ҚҚС төлейтін болады.