Госорганы

Қазақстанда автогаз құны жанармай бағасымен теңестірілмек

Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов 2025 жылы Қазақстанда автогаз бағасы тағы да көтерілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ол ел нарығында сұйытылған мұнай газының тапшылығы бар екенін растады. Себебі автокөлік иелері арзан отынға белсенді түрде көшіп жатыр.

«Кейінгі екі жылда осы кемшіліктерді қолымызбен жабуға тырысып жатырмыз. Ұлттық компанияларымыздан бізді қолдап, басқа отынға қарағанда сұйытылған мұнай газын көбірек өндіруін сұраймыз. Сондай-ақ сұйытылған мұнай газын экспорттауға тыйым салынды. Бағаны кезең-кезеңімен көтеруді жоспарлап отырмыз. Биыл бізде 5-8 теңгеге өсті. Келесі жылы да газ шамамен 10 теңгеге қымбаттайды. Біздегі 20 аймақта баға әртүрлі. Мысалы, Алматыда литріне 75 теңге болса, келер жылы 85 теңге болады», – деді Жамауов.

Мәжіліс отырысында вице-министр тапшылықты 2030 жылға дейін жоюды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар автокөлік жүргізушілерінің газбен жүретін көлікке көбірек ауысып жатқанын атап өтті.

“Уақыт өте автогаз құны жанармай құнымен теңескен соң, жүргізушілер автогазға ауысуын доғарады деп ойлаймын. Біз газ құнын жанармаймен теңестірмекпіз, себебі дәстүрлі отын ретінде жанармай мен дизель қолданылып келді. Ал сұйылтылған газ мұнайгаз химиясында қолданылуы керек. Газомоторлы жанармай ретінде қолданылмауы керек”, – деп қосты вице-министр.

Бұдан бұрын үш жылда әр алты ай сайын сұйытылған газдың бағасы 5 теңгеге көтерілетіні туралы айтылған еді. Бірінші өсім 2024 жылдың I тоқсанында болды.

Другие новости

Back to top button