ГлавноеГосорганы

Қазақстанда аудан және қала әкімдерін сайлау 2023 жылы басталады

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Қазақстанда заң нормаларына енгізілген өзгерістерді түсіндірді. Оның сөзінше, 2023 жылдан бастап ауыл және қала әкімдерін сайлау кезең бойынша енгізіледі. Сонымен қатар сегізінші шақырылымнан бастап Парламент Мәжілісі жаңа жүйе бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Алма Мұқанова Мәжіліс пен мәслихаттарда аралас сайлау жүйесіне көшуге байланысты сайлауды өткізудің бүкіл жүйесі қайта құрылғанын атап өтті. Айтуынша, депутаттардың бір бөлігі партиялық тізімдер бойынша (69), бір бөлігі бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланады (29).
“Бұл депутаттардың бір бөлігі партиялық тізімдер арқылы, бір бөлігі кандидатты халық тікелей сайлау арқылы сайланатынын білдіреді. Өз кезегінде, өңірлер мәслихаттары мажоритарлық жүйе бойынша 50%, партиялық тізімдер бойынша 50% қағидаты бойынша құрылады. Аудан мәслихаттары тек бір мандатты округтер бойынша, сайлау процесінің өзі уақыт талаптарына сүйене отырып жетілдіріледі”, – деді ол өз мәлімдемесінде.

Сонымен қатар елде депутаттық мандатты қайтарып алудың жаңа институты енгізілуде.

“Императивті мандат дегеніміз егер бір мандатты округ бойынша сайланған депутат қоғамның сұраныстарын қанағаттандырмаса, мұндай депутатты қайтарып алу мүмкіндігі бар. Шын мәнінде бұл – сайланатын депутаттардың жауапкершілігін арттыру тетігі және олар мәлімдеген сайлауалды бағдарламаларды іске асыруға ынталандыру. Мұндай модель кезінде депутаттың өкілеттігін тоқтату да аралас: не кандидатты партиялық тізімнен шығару, саяси партияны тарату не сайлаушылардың депутатты кері қайтарып алуы арқылы жүзеге асады”, – деп қосты Алма Мұқанова.

Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау кезең-кезеңімен енгізіледі. Әкімдерді сайлау үш кезең бойынша өткізілмек.

“2023 жылы әкімшілік-аумақтық бірліктердің 25%, 2024 жылы 25%, ал 2025 жылы барлық аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өтеді. Бұл ретте пилоттық өңір облыс әкімінің ұсынысы бойынша облыс мәслихатының шешімімен айқындалады”, – дейді вице-министр.

Другие новости

Back to top button