Қазақстанда ата-анасына алимент төлемегендер жауапқа тартылады: Заңгер баладан қалай ақша талап ету керегін айтты

Қазақстанда ата-анасына алимент төлемегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Елімізде ата-ана ғана баласына алимент төлемейді. Ұл-қыздары да қартайған әке-шешесіне ақы төлеуге міндетті. «Неке және отбасы» туралы кодекстің 145-бабына сәйкес, еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж және еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық көрсетуге тиіс. Егер азамат бұл талаптарды орындамаса, қарттар сот арқылы белгілі бір соманы өндіріп ала алады.
“Екі тараптың арасында егер де ешқандай келісімшарт болмаса, ол тек қана сот арқылы шешіледі. Сотқа жүгінген кезінде ата-аналар өзінің медициналық анықтамасын, пенсияға шыққаннын растайтын құжатын көрсетіп, дәлелдеу керек. Сот қанша алимент төлеу керек екенін сот шешеді. Жаңағы айлығына сәйкес, оның балаларының санына сәйкес есептеліп, шешім шығады”, – деді заңгер Алина Шынтаева.
3 ұл өсіріп, 10 немере бағып отырған Алмагүл Шынарбекова бұл заңның қазақ қоғамына жат екенін айтады. Алайда әке-шешесіне қорлық көрсетіп жүрген жандарң бары дейді.
“Бала өзі жанымен түсінсе, былай да өзі ақша беріп тұрады. Ал баланың өзінің жағдайы келіспей, өзі-өзіне жеткізе алмай жүргенде, оған алимент қиып беру деген жанына қиянат деп ойлаймын. Ата-ана сондай мейірімді болса, бала жаман болмайды. Сол мейірімділікті бала кішкене күнінен бала қайдан үйренеді? Анадан үйренеді ғой”, – деді Алматы облысының тұрғыны Алмагүл Шынарбекова.
Заңгердің айтуынша, ата-ананың баладан алимент өндіруге көбіне зейнетақысының жетпеуі, ұл-қызының мүлде араласпай кетуі, денсаулығына байланысты қаржылай көмекке зәру болуы түрткі болады.
Айта кетейік, ата-ана құқығынан айырылғандар алимент талап ете алмайды.