Госорганы

Қазақстанда 8 ай 18 күнде 1 300-ге жуық адам жол апатынан көз жұмған – депутат

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында тас жолдардың сапасы мен жолаушылар қауіпсіздігі мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат жантүршігерлік статистиканы келтірді.

«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері ел аумағында 1300-ге жуық адам жол апатынан көз жұмып, 16 мың адам зардап шеккендігін көреміз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Президент жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін жеткізді. Расында бүгінде тұрғындардың көбінің ақылы автобанға көңілі толмайды», — дейді ол.

Сәдібековтің айтуынша, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ақылы жолының жағдайы Түркістан облысының тұрғындарын қатты алаңдатады. Себебі жол апаты көбейіп, қаза болғандар саны артқан.

Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, биыл сегіз айда автобанда 64 жол апаты болып, 89 адам жарақат алған, 21 адам көз жұмған.

«Бұған басты себеп, біріншіден ақылы жолдың талапқа сай келмеуі болса, екіншіден жүргізушілердің жауапкершілікті сезінбеуінен деп білемін. Жолдардың сапасы сын көтермейді. Әсіресе, Шымкент пен Түркістан арасындағы жолдың тоз-тозы шыққан. Жол бойындағы сервис те ақсап тұр. Жүргізушілерге де лайықты жағдай жасалмаған. Жол жиектері қоршалмаған. Соның салдарынан жол үстіне шығып кеткен жылқыларға соқтығысып жатқан көліктер көп», — дейді мәжілісмен.

Ақылы жолға қатысты екінші жағдай – бағалар өте қымбат.

«Шет елдердегі автобан құнымен салыстырғанда, біздегі жүк көлігінің жүргізушілері 3 есе қымбат төлейтінін айтып, шағымданады. Жалпы, Түркістан облысының аумағында «Батыс-Қытай, Батыс Еуропа» көлік дәлізінің ұзындығы 417 шақырымды құрайды»,- дейді ол.

Осыған байланысты Сәдібеков үкіметтен жолаушылардың қауіпсіздігін күшейтіп, жолдар жөнделіп, талапқа сай болғанша ақылы жолдағы бағаны төмендетуді сұрады.

Бұдан бөлек, ол Түркістан мен Шымкент қаласының арасын байланыстыратын жылдам жүретін жолаушылар пойызын (электричка) шығаруды ұсынды.

«Бұл сонда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлер мен қалаға келген туристерге де өте тиімді болар еді.  Әрі жолдағы көлік ағынының азаюына септігі тиеді. Бұл жол апатын болдырмаудың басты себебі болар еді», — деп санайды мәжілісмен.

Другие новости

Back to top button