Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөз алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бүгін, 3 қазан күні Астанада «AMANAT» партиясының бастамасымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумы өтіп жатыр.
Президент атап өткендей, бұл форумның маңызы айрықша. Өйткені, мәслихат депутаттары халықтың пікірін атқарушы билікке жеткізетін қауым.
«Шын мәнінде, бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз. Мысалы, жаңа ғана сөз сөйлеген азаматтар өте маңызды мәселелерді көтерді. Әсет Махамбетовтің білікті маман ретінде атом энергиясы туралы пікірі өзекті. Сырымбек Сәрсембаев моно-қалаларды дамыту жөнінде жақсы ұсыныстар айтты. Ринат Заитовтың ұлттық өнерді қолдау туралы пайымдары да орынды. Депутаттар Юлия Кучинская және Евгений Буслаев та өте өзекті пікірлерін айтты. Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін. Жалпы, елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Соның 70 пайызына жуығы осы залда отыр», — деді Тоқаев.
Президент хабарлағандай, жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келген.
«Біз бүгін мәслихаттардың жұмысына және маңызды мәселелерге қатысты пікір алмасамыз. Бәріңізге мәлім, соңғы жылдары елімізде жан-жақты жаңғыру жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде саяси реформалардың орны бөлек. 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Парламенттің рөлін айтарлықтай күшейттік. Заң шығарушы органның қазіргі қызметіне Ерлан Жақанұлы арнайы тоқталып өтті. Жалпы, билік тармақтарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдадық. Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды. Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр», — деді Тоқаев.