Главное

Қазақстан шенеуніктері георгий ленталарын сатып алып жатыр

Мемлекеттік сатып алу сайтында Жеңіс күніне орай мерекелік ленталарға арналған конкурстар жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ratel.kz порталының анықтауынша, жарияланған екі конкурста ұйымдастырушылар сипаттамада «георгий лентасы» деген атауды ашық көрсеткен.

Қазақстанда өз символикасы пайда болғанына талай жыл өтсе де, шенеуніктер конкурстар сипаттамасында әлі күнге дейін георгий ленталарын сатып алады. Бұл олардың санасына Ресей үгіт-насихаты соншалық сіңіп кеткенін білдіреді, тіпті олар сын тұрғысынан ойлау мен қарапайым ақпаратты түсінуден қалған. Жеңістің символы кеңес одағының өзінде гвардиялық лента болған, ал георгий лентасы тек патшалық Ресей мен қазіргі Ресейге ғана тиесілі, – делінген жарияланымда.

Мемлекеттік сатып алулар

«Есіл ауданының Жастар ресурстық орталығы» КММ 90 теңгеден 50 дана лента сатып алуды жоспарлап отыр. Ал техникалық сипаттамада: «Қазақстандық гербі бар георгий лентасы» деп көрсетілген. Материалы – атлас, ұзындығы – 33 см, ені – 3 см.

Ал Қамысты ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ «Жеңіс күніне арналған георгий ленталарын дайындау қызметін» сатып алуды жоспарлап қойған. Жалғыз дереккөз арқылы – яғни конкурсқа ешкім қатыспағандықтан, бұл қызметті 33,5 мың теңгеге сатып алмақ.

Бұған дейін біз әлеуметтік желілерде қазақстандықтар арасында 9 мамыр мерекесіне қатысты туындаған пікірталастар туралы жазған едік. Бірі бұл – жоқ елдің, яғни кеңес одағының мерекесі десе, енді бірі Қазақстанның гитлерлік Германияны жеңудегі сүбелі үлесін алға тартады. Үшіншілері бұл күнді қазіргі жағдайда әскери парадтармен атап өтудің қажеті жоқ деп санайды, бірақ сонымен бірге бұл күн – еске алу мен қайғы күні ретінде есте қалуы тиіс деген пікірде.

Другие новости

Back to top button