Госорганы

Қазақстан-Ресей шекарасының Петропавл жағы жабылды – Мәжіліс депутаты

Шекара бекеттерінде бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болған

Қазақстан мен Ресей шекарасының Қызылжар жағы жабылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің Facebook-парақшасында жазды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Ресей президенті Владимир Путиннің елде мобилизация жариялауынан кейін әскер жасындағы ресейліктердің дені Қазақстанға ағылғаны белгілі. Соңғы 3-4 күннен бері қазақ-орыс шекарасында бірнеше шақырымға созылған кептеліс пайда болған.

Көрші ел азаматтарының жаппай келуіне байланысты Қазақстан қалаларында жалдамалы пәтер күрт қымбаттап кетті. Азық-түлік пен күнделікті тұтыну тауарларының бағасы да шарықтап тұр. Осыған байланысты қоғам белсенділері Қазақстанның әр жерінде наразылықтарын білдіруде.

СҚО-дағы шекара бекетінің жабылғаны туралы ақпарат бүгін таңертең әлеуметтік желілерде тараған болатын. Алайда, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Солтүстік Қазақстан облысындағы өкілдігі бұл ақпаратты теріске шығарған.

«Бүгінгі таңда Қазақстан-Ресей шекарасында Қазақстан Республикасына кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқан. Орнатылған 30 автомобильдік өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеуде. Адамдар мен көліктер ағынының ұлғаюына байланысты, оның төртеуінде кептеліс бар. Ахуал ерекше бақылауда. Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Ресей шекара ведомствосымен өзара бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды», — делінген СҚО-дағы шекара қызметінің баспасөз хатшысы Санат Әзімхановтың таратқан ақпаратында.

 

Другие новости

Back to top button