Қазақстан өмір сүру сапасы рейтингісінде Орталық Азияда көш бастады

Қазақстан өмір сүру сапасы бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Халықаралық іскерлік CEOWORLD басылымы 2024 жылға арналған Human Progress Index (HPI) рейтингін жариялады. Сарапшылар онда әлемнің 200-ге жуық елін өмір сүру деңгейі, саяси тұрақтылық, мүмкіндіктерге қолжетімділік, білім мен халық табысы бойынша талдаған. Бұл жаһандық рейтингте Қазақстан 70-орынға ие болып, Орталық Азия елдері арасында көш бастады.
Зерттеу аясында әлемнің 196 мемлекеті қарастырылып, олардың әрқайсысы 23 көрсеткіш бойынша бағаланған. Бұл көрсеткіштерге өмір сүру ұзақтығы, білімнің қолжетімділігі, әлеуметтік қорғалуы, еркіндік пен тұрақтылық деңгейі кіреді. Барлық параметр 100 балдық шкала бойынша бағаланған, мұндағы ең жоғары ұпай – өмір сүру сапасының жоғары стандарттарына сай келетін деңгей.
Әлемдік көшбасшылар кімдер
Рейтингке сәйкес, 2024 жылы өмір сүру сапасы бойынша әлемдегі ең үздік ел Швейцария деп танылды. Одан кейінгі орындарда Норвегия мен Исландия тұр. Төртінші орынға Швецияны басып озған Гонконг жайғасты. Алғашқы ондыққа Дания, Германия, Ирландия, Сингапур және Аустралия кірді.
Өз кезегінде Түркия 48-орында, Ресей 59-орында, ал Беларусь 72-орынға жайғасқан. Армения – 78-орында.
Орталық Азия: Қазақстан алда
Өңірлік көршілерімен салыстырғанда Қазақстан ең жоғары нәтиже көрсетті. Орталық Азияның басқа елдері айтарлықтай төменгі орындарда орналасқан:
- Түрікменстан – 96-орын,
- Өзбекстан – 108-орын,
- Қырғызстан – 119-орын,
- Тәжікстан – 128-орын.
Осылайша, Қазақстан өңірдегі үздік 70 елдің қатарына енген жалғыз мемлекет болып отыр.