Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Орталық коммуникациялар қызметінде брифингке қатысып, журналистердің сұрағына жауап берген министр шілде айында елге маймыл шешегін анықтайтын тест келгенін және олардың ешбірі әлі қолданылмағанын атап өтті.
«Қазір бізде маймыл шешегін анықтайтын 1300 тест бар. Бұл өз ерекшелігі бар диагностика түрі. Егер маймыл шешегін жұқтырды деген қауіп туса, адамнан дәл осы вирусты анықтау үшін ерекше диагностика жасауға дайынбыз», — деді Ажар Ғиният.
Жалпы, министрдің айтқанына қарасақ, қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вирусты симтомына қарай емдеуді ұсынып отыр. Әрине, бүкіл әлемнің ғалымдары мен дәрігерлері маймыл шешегінің нақты бірнеше симтомын анықтаған. Оның бірден бірі — адам денесіне ұсақ жара шығып кетеді.
«Қазір бірнеше елдің мамандары бұл вирусты емдеу үшін «Тековиримат» деген вирусқа қарсы дәріні зерттеп жатыр. Біздің дәрігерлер де бұл дәріні зерттеуге кіріскен, біз үшін ең маңыздысы — дәрі клиникалық сынақтан өту керек. Егер өтсе, біз де бұл дәріні маймыл шешегін емдеу хаттамасына енгіземіз», — деп түсіндірді Ажар Ғиният.