Қазақстан келесі жылы тағы 226 жаңа вагон сатып алады
Көлік министрі Марат Қарабаев алдағы жылдары ескі жолаушылар вагондарын қалай жаңартылатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, былтыр 118 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынған. Биыл 143 вагон жеткізіледі, оның 113-і сатып алынса, қалған отызы жыл соңына дейін алынады.
«Келесі жылы 226 вагон сатып алу жоспарланған. Жалпы, 2029 жылға дейін 1 200-ге жуық жолаушылар вагоны сатып алынады, нәтижесінде вагон паркі 3 мың бірліктен асып, оның тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді (қазір – 44%). Осы міндеттерді орындау үшін отандық өндірушілердің вагондарын сатып алу мүмкіндігімен жалға беретін Біріккен лизингтік компания құру ұсынылып отыр», — деді Қарабаев Үкімет отырысында.
Министр, сонымен қатар жүк вагондарына да тоқталды. Жүк вагондары паркі 139 мың вагоннан тұрады. Бұл нарықта 300-ден астам жеке оператор жұмыс істейді. Оның ішінде Қазақстан темір жолына 38 мың вагон тиесілі, олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни елдің энергетикалық секторына және халыққа көмір жеткізуге жұмылдырылған.
«2026 жылға дейін Ұлттық оператор қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 800 бірлігі осы жылы пайдалануға берілді», — деп атап өтті ведомство басшысы.