Қазақстан Дүниежүзілік ТҚАІ күнін атап өтіп жатыр: басты назарда — ерте диагностика және терапияға қолжетімділік

Бүгін Халықаралық тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну (ТҚАІ) күні аясында Қазақстан уақытылы диагностика мен мамандандырылған емді қажет ететін сирек, бірақ өмірге қауіп төндіретін ауру туралы хабардарлықты арттыру жөніндегі жаһандық бастамаға қосылды.
Қазақстандағы ТҚАІ: статистика және сын—қатерлер
ТҚАІ — сирек кездесетін генетикалық ауру, дененің әртүрлі бөліктерінің, соның ішінде беттің, аяқ-қолдың, асқазан-ішек және тыныс алу жолдарының қайталана беретін ісінуімен сипатталады. Тиісті ем болмаса, көмейдің ісінуі тұншығуға және өлімге әкелуі мүмкін.
Мамандардың есебінше Қазақстанда ТҚАІ сырқатына шалдыққан 400-ге жуық науқас тұрады. Алайда «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ Республикалық аллергология орталығының мәліметі бойынша қазіргі таңда елде 94 расталған ТҚАІ жағдайы тіркелген. Осылайша науқастардың нақты саны аз хабардарлыққа, диагностикадағы қиындықтарға байланысты айтарлықтай жоғары болуы мүмкін.
Республикалық аллергология орталығының басшысы, аллерголог дәрігер Арай Батырбаева былай атап өтеді:
«Тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну Қазақстанда жеткілікті диагностика жасалмаған ауру болып қала береді. Біздің міндетіміз — барлық науқастар үшін диагностика мен терапияның қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бастапқы буын дәрігерлері мен әртүрлі бейін мамандары ТҚАІ симптомдарын біліп, науқастарды дер кезінде тексеруге жіберуі маңызды».
Диагностика және емдеудегі жетістіктер
2021 жылдан бері елімізде тегін ТҚАІ диагностикалық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. 2021 жылдың қыркүйегі мен 2022 жылдың қаңтары аралығында 200 адам тексерілді, соның ішінде 21 науқастың диагнозы расталды, бұл диагностикалық көрсеткіш 7% құрайды.
Қазақстанда ауруды тиімді бақылауға және науқастардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін ТҚАІ емдеуге арналған препараттар, соның ішінде С1 ингибиторлары тіркелген.
Өмір үшін бірігеміз
Дүниежүзілік ТҚАІ күні — ерте диагностиканың маңыздылығын және барлық науқастар үшін емнің қолжетімділігін еске салу мүмкіндігі. Медициналық мекемелер, қоғамдық ұйымдар және мемлекеттік денсаулық сақтау органдары халық пен медициналық қоғамдастық арасында ТҚАІ симптомдары және уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажеттілігі туралы хабардарлықты арттыруға шақырады.