АқшаВыбор редакции

Қазақстан АҚШ-тағы дефолттан қорқуы керек пе? Сарапшылар түсіндірді

Жақында АҚШ-тың қаржы министрі Джанет Йеллен егер мемлекет конгрессі қарыз шегін көтеріп немесе оның жұмысын тоқтатпаса, 1 маусымнан бастап елдің қаражаты таусылатынын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде АҚШ-тың дефолтқа ұшырауына алып келеді. Алпауыт экономиканың құлауы әлемге, оның ішінде Қазақстанға қалай әсер етеді деген сұрақты Stan.kz тілшісі сарапшылардан сұрап білді. 

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев АҚШ-тың дефолтқа ұшырауы бүкіл әлемге үлкен соққы болып тиетінін ескертеді. Оның сөзінше, бұл мемлекет құрдымға кетсе, артынан бүкіл әлемді ала кетеді.

«АҚШ-та дефолт орнаса, бүкіл әлем аласапыранға ұшырайды. Бұл дүниежүзіндегі жүйе мен инфрақұрылымның құлауына алып келеді. Жаһан құрдымға кетеді десек қателеспейміз. Әлемде үлкен күйзеліс орын алады. Себебі доллардың дүниежүзі бойынша маңызы орасан зор және қазіргі күні оның орнын басатын валюта жоқ. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, қашықтық километрмен, салмақ килограммен есептелсе, доллар тауар құнының әмбебап әрі баламасыз өлшеміне айналған. Яғни, долларды бұл жүйеден алып тастасақ, нарықта үлкен ойық пайда болады. Одан бөлек ел резервіндегі қаражатының үлкен бөлігі, қарыздың бәрі де доллармен есептеулі. Сондықтан АҚШ-тың дефолтқа ұшырауы әлемнің экономикалық жағдайын күйретеді», — дейді сарапшы.Ол бұл жағдайда әлемдегі жағдай қаншалықты ушығатыны жайлы тіпті болжау да мүмкін емес дейді.

Айтуынша, АҚШ экономикасының құлауына басқалары төтеп беруі екіталай. Бұл ретте Американың соңынан дүниежүзінде дефолттың орасан зор толқыны басталады. Қазақстан да бұдан тыс қалмайды. Дегенмен АҚШ билігі мемлекеттің дефолтқа кетуіне жол бермейді дейді Бейсембаев. Оның ойынша, бұл – Америка мемлекетінің тағы бір саяси ойыны.

«АҚШ-тың экономикалық саясаты мен мемлекеттік қарыз жайлы қазір дауы жай ғана әлемді үркіту үшін жасалып отыр. Әрине, мұны естігендер көз алдына ақырзаманды елестетеді. Алайда түптеп келгенде, барлық қаржы сарапшылары АҚШ қарызының 80%-ы елдің ішкі қарызы, яғни өзіне тиесілі екенін айтады. Бұл мемлекет үшін үлкен мәселе емес. АҚШ түймедей дүниені түйедей етіп көрсетіп, саяси ойын ойнап отыр. Бұл – елдегі екі басты партия арасындағы ойын», — дейді маман.Осы орайда ол ең алғаш АҚШ дефолты жайлы 2009 жылы айтылғанын және мемлекет оған жол бермеу үшін әрі кетсе, қарыз шегін қайта жылжытып немесе жаңадан ақша басып шығара салатынын жеткізді.

Тағы бір қазақстандық қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев әріптесінің «АҚШ дефолты – саяси ойын» деген сөзімен келіседі. Тіпті, ол беделді шетелдік компаниялардың сараптамасын мысалға келтірді.

«Шындығына келсек, мұндай техникалық дефолт соңғы рет 2013 жылы болған. Елдің мемлекеттік органдары бюджетке қатысты дауға байланысты екі апта бойы жұмыс істемеді. Америка Құрама Штаттары қарызы федералдық қарыз алу шегіне – 16,7 триллион долларға жетті. Дегенмен федералды үкіметке жұмысын қалпына келтіруге және мемлекеттік қарыз лимитін көтеруге мүмкіндік беретін заң келісілді. Қазір болып жатқанның бәрі – таза саяси ойын, мұнда оппозициядағы Республикалық партия биліктегі демократтардан көбірек артықшылықтар алу үшін саудаласуға тырысуда.Janus Henderson активтерді басқарушы компаниясы осы аптада қазынашылық облигациялар бойынша дефолт ықтималдығын 1%-дан аз деп бағалады. 3 мамырдағы жағдай бойынша MSCI Research дефолт ықтималдығының 3,9% екенін есептеді», — дейді ол.

Мұнымен қоса сарапшы нағыз мәселе қашан басталатынына тоқталды.

«АҚШ қазіргі облигациялар бойынша техникалық дефолтқа жетсе де, оны төлейді. Өйткені олар мемлекеттік қарызға қызмет көрсету баптарында бюджетке енгізілген, сондықтан портфелінде АҚШ мемлекеттік облигациялары бар БЖЗҚ да, Ұлттық қорға да қазір қауіп төніп тұрған жоқ. Қарызды өтеу АҚШ Конституциясында 14-түзетуде енгізілген. Шын мәнінде, егер мемлекеттік қарыздың шегі ұзақ уақыт бойы, яғни бірнеше ай көтерілмесе, АҚШ экономикасы құлдырап, АҚШ-тың несие рейтингі төмендесе мәселенің көкесі сонда басталады», — деп түйіндеді сөзін қаржы маманы.GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық қазір АҚШ экономикасында рецессия бар екенін тілге тиек етеді. Бұл оның сөзінше, теңгеге де әсер етпей қоймайды.

«Негізі АҚШ-та дефолт болады деп ойламаймын. Өз басым, бұл қор нарығында шу көтеру үшін жасалып жатыр деп ойлаймын. Дей тұрғанмен Америка Құрама штаттарында рецессия байқалады және ол әрі қарай жалғасады. Себебі инфляция әрі жоғары дәрежеде болып тұр. Сонымен қатар АҚШ-тың федералды резервтер жүйесі доллардың кілттік пайыз мөлшерлемесін көтеріп отыр және әзіргі уақытта түсіретін ойы жоқ. Бұл процесстердің барлығы АҚШ мемлекетінің жалпы ішкі өнім өсімін тежейді. Сондықтан биыл жоспарланған дәрежедегідей емес көрсеткіштер болады деп айтуға негіз бар.Экономикалық өсім де тежеледі, бұның әлемге кері ықпалы болуы мүмкін. Өйткені рецессия болса, өндіріс қысқарады. Өндіріс қысқарса, шикізатқа деген сұраныс та азаяды. Мұнайды бағасы төмендеуі мүмкін. Бұл мысалдар теңгеге әсер етпей қоймайды», — деп қысқа қайырды Мақсат Халық.

Айта кетсек, бұған АҚШ президенті Джо Байден АҚШ-та дефолт болса, бұл бүкіл әлемде мәселе тудыратынын сөз еткен.

Дефолт – борышкердің қарызды төлеу жөніндегі міндеттемелерін, оның ішінде пайыздар, қарызға алынған негізгі соманы өтемей алмауы. Мемлекет дефолтқа отандық немесе шетелдік кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін уақытында орындамаған жағдайда ұшырайды. Мемлекеттің дефолт жариялауы оның несиелік рейтингтерін төмендетеді. Бұл өз кезегінде инвесторлар елге деген сенімінің жоғалуына және сырттан капитал тартудың қиынға соғуына алып келеді.

Еске салсақ, былтыр сарапшылар Ресей дефолтқа кетеді деп болжаған еді.

 

Другие новости

Back to top button