Қазақстан ақпанда Германияға 20 мың тонна мұнай жеткізеді
Ақпан айының бірінші жартысында Қазақстан Германияға мұнай экспортының алғашқы партиясын жеткізеді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мұнай тасымалдау техникалық тұрғыдан проблема емес. Бүгін Ресей Федерациясының Энергетика министрлігіндегі әріптестеріммен сөйлестім. Мұнай жеткізу техникалық қайта бағыттау және маршруттарға байланысты. Ақпан айында мұнайды жеткізуді жүзеге асырамыз. Әзірге бірінші партия — 20 мың тонна», — деді Болат Ақшолақов министрліктің кеңейтілген алқа отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп.
Оның айтуынша, мұнай жеткізу ақпанның бірінші жартысына жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың бірінші тоқсанында Германия Федеративті Республикасына 300 мың тонна көлемінде мұнай тасымалдайтыны туралы айтылған еді.
Сондай-ақ Болат Ақшолақов Германияға жылына 6 млн тоннаға дейін мұнай экспорттай алатындығымыз туралы мәлім еткен.