Госорганы

«Қазақ ұлтының ар-намысына тиетін сөздер айтады»: депутат тілге тіл тигізетіндерді жазалау мәселесін көтерді

Абзал Құспан хаттама толтыратын өкілетті орган жоқ екенін айтып, шағымданды

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Осы Әкімшілік кодекс қабылданғалы бері, шешілмей келе жатқан бір мәселе бар. Әкімшілік кодекстің материалдық бөлігінде 75-бап бар. Ол бапта тіл заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Қазіргі қоғамда қазақ тілінің мәселесі күйіп тұр. 75-бап бойынша айыппұлдар барлығы көрсетілген. Ал 804-бап бойынша, яғни процестік бөлігі 75-бап бойынша әкімшілік хаттама толтыратын бірде-бір мекеме белгіленбеген. Тиісінше, тіл бойынша заңды бұзады, қазақ ұлтының ар-намысына қатысты сөздерді айтады. «Қазақ тілінде сөйлемеймін» деген сияқты тілге қатысты жағдайлар бойынша адамдарды жауапкершілікке тартайық десек, бірде-бір өкілетті орган жоқ», — деді Абзал Құспан.

Ол атағандай, өсімдік карантиніне байланысты хаттама толтырып сотқа жеткізетін мекемелер бар. Ал тілге қатысты ондай жоқ.

«Біз 75-бапты жұмыс жасамайтын бап ретінде алып тастауымыз керек. Тілге қатысты заң бұзғандарға қатысты бір өкілетті органды айқындау керек. Қазір ұсыныс енгізейін десек, тілге қатысты орган жоқ. Тілдерді дамыту комитеті біресе ана министрлікке, біресе мына министрлікке көшеді. Қазір Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне қарайды. Халықты алдамай осы мәселені бір жағына шығаруымыз керек», — деді ол.

Өз кезегінде Әділет вице-министрі Алма Мұқанова хаттамалар толтыратын уәкілетті органдар тізімі бар болуы керек екенін айтты.

«Егер де 75-бап бойынша уәкілетті орган көрсетілмесе, біз оны жұмыс тобымен қарап, пысықтауға дайынбыз. Себебі соттың 804-бабы бойынша қызмет пен құрам бар болса, хаттамасыз ол нормаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Кодекс аясында осындай жетіспеушілік болса, біз жұмыс істеуге дайынбыз. Уәкілетті органмен қосымша пысықтау жұмысын жүргіземіз»», — деді Алма Мұқанова.

Другие новости

Back to top button