Қазақ киносына жаңа тыныс: «Бақыт құшағында» – тұңғыш jukebox мюзикл

«Болашақ» бағдарламасының түлегі, Нью-Йорк фильм академиясында білім алған режиссер Санат Шапашев қазақ киносы тарихында алғаш рет түсірілген jukebox мюзикл – «Бақыт құшағында» фильмінің трейлерін таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Нью Йорк Фильм академияда оқып жүргенде дәл осы миссия мені үнемі жігерлендіретін. Сондықтан, тұңғыш қазақша джубокс мюзиклдың сценарийі сонда жүргенде дайын болды»,- дейді режиссер.
Фильм ұрпақтар ауысымында, заман түрленісіне қарамастан қазақ қоғамын біріктіруші ірі рухани құндылық – Шәмші Қалдаяқовтың әндері негізінде кино дайындалғанын айтты. Jukebox мюзикл үшін вальс королінің 12 әні симфониялық оркестрмен жазылып, кино арқылы көрерменге ұсынылады дейді.
«Кино арқылы отбасы беріктігі, анаға құрмет, шын махаббат, ердің мықтылығы, әйелдің өсімі деген біз үшін маңызды, өзекті тақырыптарды сценарийге негіз қылып алдым.Фильм барша қазақты Шәмші Қалдаяқовтың арнайы симфониялық оркестрмен жазылған әндерімен ерекше әсерлендірмек.Вальс королінің әндері барлығымызды біріктіруші күшке ие», — дейді киногер.
Айта кетейік, басты рөлде Дәурен Серғазин мен Әлия Әнуарбек түсетін «Бақыт қүшағында» jukebox мюзикл фильмінде бір эпизодта 230 актер билейтін ірі массалық кадрлар бар. Фильм 23 қазан, қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай үлкен экранға жол тартпақ.