Выбор редакцииКультура

Қазақ жеріндегі ашаршылықты тоқтату туралы хаттар жоғары жаққа жетпей, қолды болып отырған

Ғалымның айтуынша, қарапайым шаруаның арызы жоғары жаққа жетпей, жарты жолда құзырлы органдардың қолына түсіп, құпия түрде темір жәшікке жасырылған.

«Архив деректеріне сүйенсек, ең алғашқы хатты 1932 жылы 10 ақпанда Мәскеуге Бүкіл Одақтық Атқару Комитетінің Төрағасы М.И.Калининге Ақмола облысынан Нұрғали Дүйсенбинов жазған екен. Ол өзі тұратын Павлодар-Ертіс аудандарында аштықтан адамдардың жаппай қырылып, жұқпалы аурулар тарап жатқанын хабарлаған.

Нұрғали Дүйсенбинов сондай-ақ екі өтінішті қабыл алуды өтінген.

Оның біріншісі — жергілікті тұрғындардың аштықтан қырылуын тоқтату үшін мемлекет тарапынан азық-түлікпен, өнеркәсіптік тауарлармен қамтамасыз ету, түрлі науқандарды тоқтату және барлық жерде еркін сауда жасауға базарларды ашу.

Екіншісі, тонау, пара алу, біреудің мүлкін тартып алумен айналысып, тұрғындарға Кеңес Одағын дұшпан ретінде көрсетіп жүрген аудандық ұйымдардың қызметкерлері мен жергілікті билік белсенділері, төрағасы, ауыл мен село кеңестерінің мүшелерін қылмыстық жауапқа тарту еді. Алайда, оның жанайқайы жоғары жаққа жетпеген сияқты. Бұл хат ұзақ уақыт бойы құпия түрде сақталып келді», — дейді ғалым.

1932 жылдың наурыз айының басында КСРО БОАК төрағасы М.И. Калининге азаматша Мелания Дворникова хат жолдаған.

«Хат иесі бір десятина жерінен 53 пұт астық алғанын жазады. Алайда, колхоз одан 92 пұт астық өткізуді талап еткен. Ондай мөлшерде астық өткізе алмаған соң акт жазылып, тура өзіндей әйелдермен бірге оның мойнына «Нан бермейтін зұлым, халық жауы» деп жазылған жазуды іліп, көшенің бір шетінен екінші шетіне дейін алып жүрген. Бұдан басқа қасындағы әйелдерді суық сарайға қамап, бағанға байлап қинаған. Әділдік іздегені үшін үстінен жалған айып жиналып, партия қатарынан шығарылған. Соған байланысты Мелания Дворникова істі қайта қарап, партия мүшелігін қайтаруды өтінген», — дейді Светлана Смағұлова.

Мелания Дворникова сондай-ақ астық дайындау науқаны кезінде «Тарас» колхозының мұсылман-колхозшыларына бір түйір бидай қалдырмай, тіпті тұқымдық астықты да сыпырып алғаннан кейін ашыққан жұрт балаларын ертіп, азық іздеп босып кеткенін жазған.

Сондай-ақ хат иесі Аягөз станциясында жарты бөлке нан үшін біреуді бауыздап тастағаны және қайыр тілеп жүргендердің қарасы күннен күнге көбейе түскенін келтіреді. Колхоздар жұмысшыларына нан тауып бере алмай отыр, сондықтан шекараға қарай жүздеген, мыңдаған босқын шұбырып бара жатыр. Оларды жарты жолда ұстап алып, ұрған деп қынжыла отырып баяндаған Дворникова.

Сарқанда былтырғы астық әкетілмей қоймада тұрса да, бұл жердің адамдары ашығып азық іздей бастаған. Егіс даласында жұмыс істеген колхозшыларға 800 грамм, ал отбасына бар жоғы 400 грамм ғана астық берілді. Мал шаруашылығымен айналысқан жұмысшыларға көтерем малдың етінен айына 2 келі 600 грамм, ал олардың отбасына 400 грамм ғана ет берген», — деді тарихшы ғалым Светлана Смағұлова.

1932 жылдың 26 наурызында ұлт зиялылары Сейітқали Мендешев пен Тұрар Рысқұлов екеуі Қазақ өлкелік комитетіне, БОАК-не елдегі ауыр жағдайды айтып, дабыл қағып хат жолдаған.

«Бастапқы кезде бұл хаттарда құрғақшылықтан шөп шықпай, соның әсерінен мал басы азайып, халықтың жағдайы құлдырап бара жатқанын ғана жазады. Республикада аштық өршіп, жұқпалы ауру тарап, халық жаппай қырыла бастаған кезде барып, ашаршылық жайлы ашық түрде жаза бастайды. Олар әр хатында салмақты дәлелдер келтіреді, орындалуға тиісті ұсыныстар айтады. Босып кеткен, шаруашылығы жоқ, ашыққан қазақтарды қайтарудың бірнеше жолын ұсынады.

Келген босқын қазақтарды өнеркәсіпке, көлікке, жаңа құрылыстарға орналастырып, уақытша барлық ұсақ кәсіптерге (көлде балық аулау, қоян өсіру, құс шаруашылығы, ұсақ бақтар, ара шаруашылығы, орман және т.б.) рұқсат беру, кедейлер, орта-жеке шаруаларды салықтан босату, олардан тауарды сатып алғанда колхоз базарындағы нарықтық бағамен алу керек екенін жеткізеді. Сонымен қатар босып кеткендер мен ашыққандарға ең алдымен тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар, жұмысқа салатын және азық болатын мал, қоян, құс, ұзақ мерзімге арналған несие беруді де ұсынады.

Мұндай жағдайда олардың ұжымдық немесе жеке малы немесе бал шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік боларын көрсетеді», — дейді Светлана Смағұлова.

Оның сөзінше, Тұрат Рысқұлов тұралап қалған мал шаруашылығын қалпына келтірмесе, халық жағдайының ауырлайтынын нақты көрсеткен. Бұл хаттардан басқа жоғары жаққа аштыққа қатысты мәлімдемелік қорытындылар жасалып, халықтың жаппай ашығып жатқаны айқын айтылған. Өкінішке қарай, бұл мәліметтер құпия сақталған.

«Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де 1930 жылдардағы аштықты әшкерелейтін құжаттар зерттеушілердің қолына бірден тимеді. Енді қолымызға тиген құжаттарды оқи отырып, халықтың басынан қандай азапты, қасіретті күндердің өткеніне сенгің де келмейді. Бірақ бұл – шындық. Аштықтан ісінгендер жүре алмай, құлап жатты. Оның үстіне тырысқақ, іш сүзегі және т.б. жұқпалы аурулар жылдам тарап, өлім көбейді», — дейді тарихшы.

Өлгендердің денесін 1932 жылдың қысы мен келесі жылы көктемде қар ерігенде жинап жерлеген. Қарағанды облысы Нұра ауданында облыстан келген өкіл Дінисламовтың жазуынша, «бір шұңқырға 75, екінші шұңғырға 97, үшінші шұңқырға 60, барлығы 232 аштан өлге адамды жерлеген». Черниговка поселкесі маңайынан аштан қырылған 60-70 адамның мүрдесі табылған.

Сондай-ақ, аштық тұсында адам сенгісіз жәйттер болған. Бұл – адам етін жеу, яғни каннибализм. Ата-анасы өз баласын жеген оқиғалар тіркелген, өлгендердің денесін қазып алып жеу жиілеген.

«Бір факті келтірейік. 1932 жылдың 7 шілдесінде КСРО Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың құпия-саяси бөлімінен түскен арнайы хабарламада көрсетілгендей, наурыз-мамыр айларында Қазақстанның жекелеген аудандарында 67 адам етін жеу дерегі анықталған. Олардың 39-ы адам өлтірумен аяқталған.

Жуалы ауданындағы Түлкібас станциясында адам өлтіріп, жеп жүрген төрт адамнан тұратын топ құрықталған. Олар 6 адамды (әйелдер мен балалар) өлтіріп, жеген. Аталған топты ұстаған кезде сойылып, бөлшектенген адам еттері табылған. Ал Келес ауданындағы Дарбаза станциясында адамды өлтіріп, етін жеген 5 адамдық топ ұсталған. Олар адам етінің бір бөлігін Айыртау ауданына апарып, килограмын 5 сомнан сатқан. Ольговка селосында «Щит» коммунасының мүшесі әйелі екеуі екі баланың етін жеген. Ол балалардың бірі екі жаста болған. Тағы бір кемпірді бауыздап өлтіріп, оның да етімен қоректенген. Тексерген кезде қазанда пісіп жатқан адам еті табылған. Міне, осындай мазмұндас хаттар өте көп. Тұтастай отбасының қырылып, ошағының оты сөніп қалғандары қаншама», — дейді ғалым.

1931-1933 жылдардағы ашаршылық қасіреті республиканың демографиялық өсуіне де үлкен зиян тигізді.

«Аштықтан қырылғандардың саны есепсіз болды. Осы күнге дейін нақты аштықтан, жұқпалы аурулардан қырылғандардың санын нақтылай алмай отырмыз. Себебі ғалымдар зерттеу барысында түрлі пікір айтады. Сондықтан бұл мәселені жіті зерттеу аса маңызды», — деп сөзін қорытындылады тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова.

Другие новости

Back to top button