«Қатысымыз жоқ»: Садырбайдың ұсталуы жайлы айтқан Сапаров өз министрлігіне шаң жуытпады
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Садырбайдың ұсталуы жайлы Ulysmedia.kz порталының сұрағына жауап берді.
“МЕН ОНЫ БІЛМЕЙМІН”
– Белсенді Санжар Боқаев Алмасбек Садырбаевтың ұсталуын бюджетті игеріп жатқан әрі министрмен, яғни сізбен байланысты олигархтардың тапсырысы деп атады. Сіз бұған қалай жауап бересіз? – деп сұралды министрден.
Бұл сұраққа жауап берген Айдарбек Сапаров біріншіден, “бұған біздің ешқандай қатысымыз жоқ” дейді.
– Ол «сельхозник» емес. Құқық қорғау органдары ұстаса, сол кісілердің өздері білетін шығар не үшін ұстап жатқанын. Мен жаңа ғана айттым, тағы да айтам, субсидия деген – шығындардың орнын толтыру. Субсидияны облыстар береді. 2020 жылдан бастап облыстарға беріп қойғанбыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінде тек ереже ғана қабылданады. Субсидия алатын адам өтініш бергенде жауапкершіліктің бәрін мойнына алатындай астына қолын қояды. Сондықтан, не үшін ұсталғанын, қалай екені жөнінде пікір білдіре алмаймын. Мен оны білмеймін. Қай облыстан алды? Жұмыс жүргізіп жатқан сотрудниктер білетін шығар, – дейді министр.
АШМ БАҚЫЛАМАҒАН БА
Қаржы мониторингі агенттігі ресми ақпаратында “Алмасбек Садырбай 1,2 млр теңгені кооператив басшыларын хабардар етпей, ЭСҚ арқылы жымқырғаны” жөнінде ақпарат таратқан еді. Осынша соманы АШМ бақыламаған ба? Министрге осы сұрақ та қойылған.
– Субсидия алатын басшылар бар – кооператив. Кооперативтің ішіндегі адамдар бар. Ол әрмен қарай адамдарға жетті ме, жетпеді ме? Копператив жауапты. Сондықтан, бұл жерде біз тексеріп жатқан жоқпыз. Бізге қағаз-құжат дұрыс түсті ме, автоматты түрде қағаздарын байқаймыз. Жауапкершілікті мойнына алып, қолын қояды. Ал енді дұрыс тапсырды, тапсырмады ма, оны қазір тергеу органдары өздері айтады, – дейді ол.
“Тергеу органдары Ауыл шаруашылығы министрлігінен ешқандай ақпарат, материал алмады ма?” деген сұраққа Сапаров “қаржы Ауыл шаруашылығы министрлігінде емес, облыста. Қай облыста болды, соны әрине шақыртады. Тергеу органдары сұрайды. Қарастырады. Облыстың басқарма басшылары, жұмысшылары, қызметкерлері өз жауаптарын беретін шығар” деп жауап берді.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Еске сала кетейік, 6 қарашада Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы А. Садырбайдың «аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкерелегенін» хабарлаған еді. Агенттіктің хабарлауынша, ол өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында “жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды” деген күдікке ілінген. Ресми орган “1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланғаны” жөнінде ақпарат таратқан. Алмасбек Садырбайдың өзі ұсталған. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отыр.
“ПРЕЗИДЕНТТЕН АРАША СҰРАЙМЫН”
Қаржы мониторингі ұсталғанын хабарламас бұрын Алмасбек Садырбай әлеуметтік желі арқылы араша сұраған.
– Маған қарсы заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Мақсат – мені қолға, қамаққа түсірмек. Құрметті, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, құрметті ҰКҚ төрағасы Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев, Антикор басшысы Асхат Жұмағали, сіздердің осы іске араласуларыңызды сұраймын. Өйткені, Алматы облысында әділетсіздік болып жатыр. Маған жала жауып, әріптес, серіктестерімді қамап, заңсыз әрекеттер жүріп жатыр. Құрметті, халқым, сіздердің маған қолдауларыңыз керек, – деген ол үндеуінде.
АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ
Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.
Ашық дереккөздерде оның Орталық Азия университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алмасбек Садырбаев Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбаев Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарып келеді.