«Қатерлі ісік тудыруы мүмкін»: Қазақстанда шетелден әкелінген балалар аяқ киімінің 60%-ға жуығы талапқа сәйкес келмеген
Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 2022 жылғы өнім қауіпсіздігі мониторингі шеңберінде балалар мен жасөспірімдерге арналған киім-кешек пен аяқ киімнің 1163 үлгісіне сараптама жүргізген. Оның ішінде 709 үлгі, яғни 61%-ы талаптарға сай келмейтін болып шықты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің азық-түлік емес тауарлардың техникалық регламенттерін бақылау басқармасының басшысы Розалина Ермекпаева Қытай, Түркия және Украинадан келетін аяқ киімдердің жиі талапқа сай келмей, олқылықтар анықталатынын айтты.
“Талапқа сай келмейтін өнімдердің 1%-ы отандық, 16,4%-ы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердікі және басқа 82,6%-ы Қытай, Түркия, Украина елдерінен келген. Оның ішінде украиналық «Boys and girls» балалар аяқ киімі, «Совенок» аяқ киімі, “Улыбка” ұл балаларға арналған аяқ киімнің 22-өлшемі, «Royal» түркиялық балалар аяқ киімі , «Pamily» түркиялық 0-6 ай аралығындағы балалар аяқ киімі бар”, – деді Ермекпаева.
Айтуынша, көп компаниялар таңбалау ережелерін сақтамайды. Алайда Қазақстандағы тексеріс барысында балалар киім үлгілерінде формальдегид, алты валентті хром анықталып, ондай заңбұзушылықтар орын алмаған.
Формальдегид – органикалық қосылыс, альдегидтер класы, жағымсыз иісі бар түссіз газ. Бронхо-өкпе жүйесінің зақымдалуына, аллергиялық реакциялардың дамуына, қатерлі ісіктерге, мутация процестеріне, тері ауруларына әкелуі мүмкін.Алты валентті хром (Хром-6) – өнеркәсіптік процестер арқылы алынатын күрделі элемент. Адамдар үшін улы және канцерогенді болып саналатын ауыр металдар тобының мүшесі. Ол тыныс алу жолдарының ауруларын (демікпе, бронхит және өкпе ісігі), бауыр мен бүйрек ісігін тудыруы мүмкін.Алайда ресейлік сараптама кейбір аяқ киімдерден аталмыш қауіпті элементтерді анықтаған.
- Фенол құрамы сәйкес келмеген аяқ киімдер: «Леопард», Barkito, Pablosky, Boys and Girls, Ciciban, Renbut, Малый зритель;
- Сулы ортадағы уыттылық индексі жоғары аяқ киімдер: Tiflani, Cartago, Happy Baby, Grendene Kids, Age of innocence, Kapika;
- Ауа ортасындағы уыттылық индексі жоғары аяқ киімдер: Happy Baby және Grendene Kids, сондай-ақ Ecotex Star, Ponki және Evashoes;
- Теріге арналған сулы ортадағы бос формальдегидтің құрамы бойынша талаптарға сай емес: «Ясельная обувь от Play today, Age of innocence, «Сказка», «Давлекановская обувная фабрика» және «Капитошка»;
- «Капитошка» тоқыма бұйымдарына арналған сулы ортадағы бос формальдегидтің құрамына қойылатын талаптарға да сәйкес келмеді.
“Сумен жуылатын алты валентті хром да алғаш рет анықталған. Kapika өнімдерінде канцероген табылды. Алты валентті хром аяқ киім өндірісінде қолданылмауы тиіс. Ресейлік стандарттарға сәйкес, бұл материал теріде болмауы керек”, – деді ресейлік сапа өкілдері.
Қазақстанда 2023 жылдың өткен кезеңінде кәсіпкерлік кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты балалар киімдерін сатып алу жүргізілмеген.