Қасқарауовтың өтініші жерде қалды: Үкімет ММА спортын қаржыландырмайды
Билік тарапы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын спорт түрлерін қысқартып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘСЕЛЕНІ КІМ КӨТЕРДІ
Бұған дейін депутат Данияр Қасқарауов АҚШ, Қытай сияқты алпауыт елдерде қарқынды дамып келе жатқан бұл спорт түрі бойынша бірізді мемлекеттік қолдау саясатын қалыптастырып, осы салада көп жыл еңбегі сіңген спортшыларға мемлекеттік қолдау қажеттігі мәселесін көтерген еді. Оның айтуынша, отандық ММА қауымдастығын құру қажет.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ММА ЖАЙЛЫ
Қазақстанда 2013 жылдан бастап ММА ресми түрде аккредиттелген. Қазақстандық ММА аралас жауынгерлік жекпе-жегі бойынша біріккен федерациясы жұмыс істейді. 2019 жылы спорт түрлерінің тізіміне «кәсіби ММА» спорт түрі енгізілген. Қазақстанда 4 халықаралық клуб – Alash Pride, ОCTAGON PROMOTION, Naiza Fighting Championship, Еркін Күш бар. Бұл клубтар жеке қаражат есебінен күн көріп отыр.
ҚАНША АДАМ ШҰҒЫЛДАНАДЫ
Бүгінгі күні елімізде 23 мыңнан астам адам шұғылданатын 592 секция жұмыс істейді. Оларды даярлаумен 193 жаттықтырушы айналысады. Өңірлерде аккредиттелген ММА федерациялары қызмет атқарады. Сонымен қатар облыстық жоғары спорт шеберлігі және балаларжасөспірімдер спорт мектептерінде 13 ММА бөлімшелері ашылған. Оқу-жаттығу жиындары, Қазақстан чемпионаттары, кубоктары тұрақты түрде өткізіледі.
ҚАЗАҚСТАН ЖОҒАРЫ ОРЫНДА
Бүгінгі таңда ММА ұлттық құрама командасы Азияда 1-ші орын, ал IMMAF Халықаралық аралас жауынгерлік өнер федерациясының халықаралық ұйымына мүше 130 елдің ішінде әлемде 3-ші орында.
БЕКТЕНОВТІҢ ПОЗИЦИЯСЫ
Депутаттардың сауалына берген жауабында премьер-министр Олжас Бектенов Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобасы шеңберінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын спорт түрлерін қысқарту жоспарланып отырғанын хабарлайды. Онда республикалық бюджет қаражаты есебінен тек ұлттық спорт түрлерін, Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық, Азиялық, Азия Пара ойындарының бағдарламаларына енгізілген және жоғары спорттық нәтижелері бар спорт түрлерін қаржыландыру жоспарланған. “Бұл спорт түрін дамыту жұмыстарын ММА федерациясы жалғастырады” дейді Бектенов.