«Қашуға тырысқаным үшін ұрып-соқты»: Жамбыл облысының тұрғыны өзін депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдары құлдықта ұстағанын мәлімдеді
Жамбыл облысының 60 жастағы тұрғыны Василий Ковешников өзін мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық еңбек құлдығында ұстады деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Василий Ковешников Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның баспасөз мәслихатында сөз сөйледі. Айтуынша, ол бірнеше рет қашуға тырысқан, бірақ оның бұл әрекеттері сәтсіз аяқталған. Ақырында Марат Дайрабаев оны бұл үшін соққыға жығатын болған.
«Жазда құлпынай алқабына, қыста Дидардың малына қарадым. Көк тиын төлемеді. УАЗикте тұрдым. Пакеттегі тез дайын болатын кеспелермен ғана тамақтандым. Марат мені екі рет соққыға жықты. Бір рет өзінің, бір рет Дидардың үйінде. Салдарынан мен бір ай бойы орнымнан тұра алмадым, кеудеге зақым келді. Соңғы рет түнгі сағат үште Меркеге жаяу қаштым. Бірақ жолда мейірімді адамдар кездесіп, апарып тастады», – дейді Василий Ковешников.
Алайда ол жеке куәлігін тартып алмағанын және жұмыс орнынан кетуге болатынын мойындады. Бірақ сонда да ақы төлейді деп үміттенген. Оның зейнетақы жинақтары мен күнкөріске ақшасы да жоқ көрінеді.
«Мен Жигули Дайрабаевпен таныспын. Ол маған тіпті ұялы телефон сыйға тартқан. Бірақ оны тартып алып, сындырып тастады», – деп қосты Жамбыл облысының тұрғыны.
«Родник» қоғамдық қорының басшысы Нина Балабаева 16 мамырда Ковешниковтың еңбекті пайдалану фактісі бойынша құқық қорғау органдарына арыз беруге ниетті екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, жұртшылық Бас прокуратураға хабарласып, бұл істі бақылауға алуды сұрайды.
Жигули Дайрабаев бұл ақпаратқа жеке түсініктеме берді. Ол Василий Ковешниковпен таныс емес екенін мәлімдеді, бірақ оның ұлында шамамен бір жарым жыл қолөнерші болып жұмыс істегенін біледі.
«Ешқандай құлдық болған емес. Ол сол жерде өз еркімен болды және кез келген уақытта жұмыстан шыға алатын. Ақырында солай жасады. Бұл оның құқығы. Құжаттары әрдайым өзімен жүргендіктен де аймақта емін-еркін жүр», — деп атап өтті депутат.
Жигули Дайрабаевтың айтуынша, оған өзіне қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылған.
«Мен адвокаттар арқылы жақын арада өз құқықтарымды, ар-намысымды және қадір-қасиетімді қорғау үшін құқық қорғау және сот органдарына жүгінуге ниеттімін. Менің беделіме нұқсан келтіретін әрекеттерге кім тапсырыс бергенін білетін боламын»,-деді депутат.
Қаңтар айында Жамбыл облысының полициясы Василий Ковешниковтың еңбек құлдығында болғандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері екі жыл бұрын Василий Ковешников әртүрлі жұмыс атқаратын жұмысшы болып жұмысқа орналасқанын, бұл ретте өзінің құқықтары, оның ішінде жүріп-тұру еркіндігі шектелмегенін анықтады», — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Баспасөз мәслихатында Василий Ковешников бұл фактіге қатысты пікір білдіріп, депутаттың ұлдары мәжбүрлегендіктен жалған куәлік бергенін айтты. Ер адамның сөзінше, ол жұмысы үшін ақы аламын деп үміттенген.
Сәуір айында Дидар Молдағалиев пен Марат Дайрабаев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін бес жыл шартты мерзімге сотталған болатын. Олар мемлекетке жарты миллиард теңге шығын келтіріп, құлпынай көшеттерін өсіру үшін алған субсидиялардың бір бөлігін ысырап етті деп айыпталды.