Госорганы

«Қаржылық репрессия». Қазақстан айыппұлдың құны бойынша ТМД-да көш бастап тұр

Қазақстан жол ережесін бұзатындарға салынатын айыппұл көлемі бойынша ТМД елдерінің ішінде көш бастап тұр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

«Айыппұл көлемі бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ең алдында тұр. Теңгеге шаққанда, Ресейде айыппұл 3 мың теңгеден, Беларусьте 5 мың теңгеден, ал Қазақстанда 17 мың теңгеден басталады. Бұл бүгінгі таңда профилактика емес, азаматтарға қарсы қаржылық репрессия тәрізді. Міне, бүгінгі Қазақстандағы өте күрделі гуманитарлық жағдайда осы айыппұлдар азаматтарды шаршатып жіберетін анық. Осы «жол жүрісі туралы» заң жобасы аясында айыппұлды азайтып немесе белгілі бір амнистия жасайтын жағдай бар ма?», — деп сұрады депутат.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айыппұл бойынша мәселе даулы екенін растады.

«Өкінішке қарай, атқарылып жатқан іс-шараларға қарамастан, былтыр жол апаттарына байланысты аздаған өсім байқалды. Биыл бірінші тоқсан бойынша өсім – 70 пайыз. Бұл заңда айыппұлдар тек қана жол жүру ережесін өрескел бұзатындар үшін ғана өседі. Мәселен, жылдамдықты сағатына 10 км-ден артық асырған азаматтарға тиіспейміз әрі айыппұлды да өсірмейміз», — деді ІІМ өкілі.

Айта кетейік, Парламенттің төменгі палатасында «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Жаңа ережелерге сәйкес, жүргізуші куәлігі жоқ жол ережесін бұзған адамдар  7 жылға дейін құжат ала алмайды. Оның ішінде алкоголь немесе есірткі қолданған мас күйінде жауапкершілікке тартылған тұлғалар жеті жылға дейін емтихан тапсыруға жіберілмейді.

Другие новости

Back to top button