Госорганы

«Қаржы өз араларында қалып жатқандай»: депутат Ұлттық киноны қолдау орталығын сынады

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дәулет Мұқаев кино саласын, оның ішінде Ұлттық киноны қолдау орталығынның жұмысын сынады. Депутат Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, өзекті проблемаларды ортаға салды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Ол жүздеген миллион қаржы жұмсалғанмен, мүлдем көрермен жинай алмаған кинолардың өте көп екенін айтты. Халық қазынан бөлінген қаражат құма сіңгендей кетіп жатыр. Ал жұмысқа келгенде нәтиже жоқ.

«Кино – өнер. Кино – бизнес. Кино – идеологияның негізгі құралы. 2023 жылғы 17 маусымда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда отандық кино саласын реформалау қажеттігіне нақты тоқталды. Бірақ бұл саладағы айқай толастар емес. Кино түсіргісі келгендер көбейгенмен, олардың дені өз қаражатына түсіріп жатыр. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылардың көбі «өз араларында» қалып жатқандай көрінеді. Өйткені, Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес»,- деді ол.

Мұқаевтың айтуынша, халық қазынасындағы қаржыны миллиондап құмға құйып жатқандай. 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 млрд. теңге бөлінген. Ең қызығы оның барлығы 100 пайыз игерілген. Есебі тапсырылып, кино түсірілген.

«Енді қараңыздар, Atlas entertainment компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне 1 млрд. қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы небәрі 10 миллион теңге. Бұл кеткен соманың 1 проценті ғана. Келесі, Satai film түсірген «Боксшы» фильміне 900 млн. жұмсалса, кассалық жинақ небәрі 25 млн. теңгені құрады. Фильмнің идеясы, Олимпиада чемпионы Сапиев туралы екенін білесіздер. Бірақ, кино өте сапасыз әрі көрермендерге әсер сыйлай алмады», — деді ол.

Сондай-ақ, депутат Медет фильм түсірген «Лето 1941-го» отандық киносына 700 млн. қаржы бөлінсе, оның 2 миллионы ғана қайтарылғанын айтты. Бұл кеткен шығыннан 350 есеге аз.

«Жизнь» фильміне 500 миллион теңге кетсе, оның небәрі 650 мың теңгесі қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңгені құраса, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-міс. Сонда сіз болып, біз болып «Жизнь» деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?!

Яғни, мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа түсірілген фильмдерді де халықтың көріп қуанып жатқаны шамалы, отандық киноөндіруші ұйымдардың кинотеатрларда фильмдерді көрсетуінде тағы өзіндік проблема бар»,- деді ол.

Депутат  пікірінше, мемлекет қаражатына түсірілген кинолардың жарнамасы да әлсіз. Мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдерге жарнама да жасалмайды.Түсірілген фильмдер шаң басқан архивтерде жатыр. Тәуелсіздіктен бері қарай тек бір ғана фильм өзін-өзі ақтаған.

«Тәуелсіздіктен бері қарай мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм тек «Досмұқасан» ғана. Бәрін айтта, бірін айт, биылғы Ұлттық кино орталығының питчингті өте сәтті ұйымдастырғанын көрдік. Фильмдер әділетті әрі әлеуметтік желіде ашық таңдалды. Сондықтан, жаңа басшылыққа жоғарыда орын алған мәселелерді қатаң ескеру қажеттігін айтамыз»,- деді ол.

Другие новости

Back to top button