«Қаржаубай ауруханада жатыр»: оны «хуторлықтар» ұрып кеткені туралы ақпарат тарады (ВИДЕО)

Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты сот үкімінен кейін соққыға жығып кеткені туралы желіде ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желіде таралған мәліметтерге сүйенсек, Қаржаубай ауруханаға түсіп қалғаны, оны «хуторлықтар» ұрып, видеоға түсіріп, таратып жіберген.
Осы ақпаратқа қатысты Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Мейірман Шекеев түсініктеме беріп, жағдайынан хабардар етті.
«Қазіргі уақытта Қаржаубайға қатысты әлеуметтік желіде шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар тарап жатыр. Аллаға шүкір, Қаржаубай аман-есен, дін аман. Оған ешкім зиян келтірген емес. Сол себепті мұндай ақпараттарға сене бермеңіздер. Желіде өзге де жалған ақпараттар тарап жатыр. Біз осыған қатысты жақында түсініктеме береміз», — деді адвокат Мейірман Шекеев.
Айта кетейік, Шерзат Полат ісі бойынша жуырда сот үкімі жарияланып, сотталушылар арасында басты күдікті болып саналған Абзал Шынасыл 23 жылға сотталды. Ал өзге күдіктілерге қатысты мынадай сот үкімі жарияланды:
- Равиль Сакиев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі, 24-бап 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға сотталды.
- Азамат Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), қосымша 188-бап (ұрлық) бойынша бұрынғы соттылықтарын ескере отырып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Нұрқиас Ілиясов – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), бұрынғы соттылығына байланысты 9 жылға сотталды.
- Шыңғыс Белғожаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
- Дархан Әскентай – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Нұрбол Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
- Дидар Қалиахмет – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Дидар Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 айға сотталды.