Қарапайым халықтың қалтасына салмақ түспейді – Қошанов жаңа Салық кодексі туралы

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов жаңа Салық кодексінің ерекшелеріктері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сөз басында Палата спикері Салық кодексі бойынша талқылау жұмысы біраздан бері өткенін қозғап өтті.
«Бүгін өте мазмұнды талқылау болды. Салық кодексі – тек салық мәселесі ғана емес, ол әділеттік мәселесі дегенді депутаттар дұрыс айтты деп ойлаймын. Салық – өте сезімтал сала. Себебі әр қазақстандық азамат, әр отбасы, әр қазақстндық бизнесмен бүгінгі біздің қабылдаған шешімімізді тікелей сезінетін болады.
Сондықтан мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке әділ, тиімді әрі болжамды салық жүйесін құруды тапсырды. Бүгін біз сол жаңа Салық кодексін бірінші оқылымда талқыладық. Бұл талқылау қыркүйек айынан бері жалғасып келе жатыр. Жұмыс тобында өте көп жұмыс атқарылды.
Сонымен қатар кеше мәжілістегі «AMANAT» фракциясының отырысында да бұл мәселе жан-жақты қаралған болатын. Басқа да фракциялардың отырыстарында да талқылау өтті. Сондықтан көп жұмыс атқарылғанын айта кеткім келеді. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз», — деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов сөзін жалғай отырып, Үкімет пен Мәжіліс арасында түрлі ұстаным болғанын, алайда ортақ шешімге келгенін ерекше атап өтті.
«Ең алғашқыда Мәжіліс пен Үкімет арасында көп мәселеге қатысты әр түрлі ұстаным болды. Тақылау барысында депутаттар Үкіметпен бірге жұмыс істеп, қызу пікірталастардан кейін біраз түйткілді мәселе бойынша ортақ шешімге келді. Солардың негізгілеріне тоқталып өтейін.
Бірінші. Қосымша құн салығының шекті мөлшері бойынша ортақ мәмілеге келдік. Бұл қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселе болатын. Үкімет ұсынған 15 млн теңге шекті мөлшерін 40 млн теңгеге көтеретінін, ол бойынша Үкіметтің ұстанымын жаңа ғана Жұманғарин мырзаның аузынына естідіңіздер.
Екінші. Әркім өз кірісіне сай салық төлейді деген шешімге келіп отырмыз. Мысалы, сауда-саттықпен, қызмет көрсетумен айналысатын, тауар өндіретін шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимі жұмыс істейтін болады. Яғни, 4 пайыздық салық мөлшерімен қосымша құн салығынсыз кәсіппен айналысу мүмкіндігі толық сақталады. Оған қоса, бұл мүмкіндікті кеңейту мақсатымен «тыйым салынған кәсіптер тізімі» әзірленеді. Бұл да – үлкен шешім. Ол да арнайы салық режимінің қолданылу аясын едәуір кеңейте түседі.
Үшінші. Ірі бизнес үшін жеңілдіктер қысқартылады. Бүгін ол туралы көп айтылды. Ал банктер мен ойын бизнесі үшін табыс салығы ұлғайтылады. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түспейді. Жаңа салық саясатының көздегені де – осы», — деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері сөз соңында жұмыс тобында қарастырылатын мәселелер туралы тілге тиек етті.
«Әріптестер! Әрине, әлі де шұғыл шешімді қажет ететін көптеген мәселе бар. Екінші оқылымға дейін бізде уақыт бар. Әсіресе, әлеуметтік саладағы мәселелер бойынша бүгін ашық айтылды. Оларды екінші оқылымға дейін Үкіметпен бірге жұмыс тобында қарастыратын боламыз.
Бір мәселе анық. Түпкілікті шешім оңтайлы әрі теңдестірілген, бизнес үшін де, халық үшін де тиімді болуға тиіс. Сондай шешімді біз Үкіметпен бірге қабылдай алатынымызға мен сенімдімін», — деп Мәжіліс төрағасы сөзін қорытындылады.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісі Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдағаны хабарланған болатын.