«Қарағандылықтар жарықсыз қалды»: Энергетика министрлігі тергеуді бастады
Қарағандыда ЖЭО-да болған апатқа байланысты қаланың басым бөлігі жарықсыз қалды. Осыған байланысты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев облыс тұрғындарына видеоүндеу жасады. Ал, энергетика министрлігі тергеуді бастап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыс басшысының айтуынша, бүгін таңертең Қарағанды қаласының ЖЭО-3 станциясында және Топар ГРЭС-2-де штаттан тыс жағдай орын алды.
«Қазіргі сәтте Топар ГРЭС-2 жүктемені көтеріп жатыр және менің тапсырмаммен бірінші орынбасарым Вадим Басин болған жағдайды анықтау үшін станцияға аттанып кетті. Жүктемені көтеру және өңір тұтынушыларына электр жарығын қысқа мерзімде беру үшін KEGOC-пен және барлық станциялармен барлық шаралар қолға алынып жатыр», — деді Ермағанбет Бөлекбаев.
Осы жағдайға байланысты энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қарағанды ЖЭО-3 технологиялық бұзушылығының тергеуімен айналысады.
«Қарағанды-Энергоцентр» ЖШС 220 кВ ЖЭО-3 ашық тарату құрылғысында қысқа тұйықталу және Қарағанды ЖЭО-3 және Топар ГРЭС байланыстыратын 110 кВ электр беру желілерінің одан әрі шамадан тыс жүктелуі салдарынан аталған электр станцияларында генерацияның толық төмендеуі орын алды. Өндірістің төмендеуіне байланысты Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының өнеркәсіптік тұтынушылары бойынша шамамен 350 МВт шектеулер енгізілді”, — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Жағдай Энергетика министрлігімен Қарағанды облысы әкімдігінің бақылауында.