Қарағандылық ата-аналар 6 күндік оқу аптасына қарсы: әкімдік не дейді
Шахтинск қаласында оқушылардың ата-аналары Қарағандыға оқу-ағарту министрінің келуін талап етті. Олардың айтуынша, облыстың білім бөлімдерінің басшылары бес күндік оқу аптасы туралы бұйрықты бұзып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Балаларда бір ғана демалыс күні қалады. Олар үйірмелер мен қосымша сабақтардан бас тартуға мәжбүр. Олардың көпшілігінің денсаулығында ақау бар. Бұрын біз үш жыл бойы аптасына бес күн оқыдық: бұл барлық ата-аналар мен балаларға ыңғайлы болды. Неліктен биыл заң бұзылып отыр?»- дейді шағымданушылардың бірі.
Қарағанды облысының білім басқармасында ата-аналардың шағымына жауап берді.
«Оқу процесін сағат 08:00-де бастайтын мектептердің кестесіне сәйкес, бірінші ауысымдағы сабақ 14:05-те (7 сабақ) аяқталды. Екінші ауысым сағат 14:45-те басталып, 20:50-де (7 сабақ) аяқталды. Өткен оқу жылында екінші ауысым оқушыларының ата-аналар қауымы сабақтың кеш. әсіресе қыс мезгілінде қараңғы кезде бітетініне көңілі толмайтынын білдірді. Осыған байланысты 7, 8 ,9, 10 және 11-сыныптар үшін оқу аптасы алты күнге созылып, күнделікті оқу кестесі 6 сабаққа дейін, ал сенбіде 4 сабаққа дейін қысқарды», — деп жауап берді департаменттегілер.
Сондай-ақ білім басқармасы оқу жүктемесі аптасына 30 сағаттан аспайтын 1-6-сыныптар үшін бұл кесте өзгерістері қолданылмайтынын атап өтті. Оқу процесі бір ауысымда оқитын мектептерде де бес күндік оқу аптасы сақталады.
Еске салайық, бұдан бұрын вице-министр Тамара Дүйсенова жаңа оқу жылында оқушылар 25 мамырға дейін оқитынын мәлім еткен.
Өткен оқу жылында қазақстандық оқушылар 1 маусымға дейін оқыды. 1-сынып оқушылары 35 апта, 2-11-ші сынып оқушылары 36 апта білім алды.