Қарағандыда жылу желісін зақымдаған жүк көлігі қар жинауға шыққан
Қарағандыда бірнеше көшенің жылусыз қалғанына себепкер болған КАМАЗ жүргізушісіне хаттама толтырылды. Залал сомасы әлі белгісіз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертең Қарағандының ондаған үйі жылумен жабдықтаудың төмен режиміне ауыстырылды.
Себебі жылу желілеріне жүк көлігі соқтығысып, құбырды зақымдаған болатын.
«22 желтоқсан сағат 04.30-да КАМАЗ автокөлігінің 47 жастағы жүргізушісі көктайғақ жағдайында Гоголь көшесі бойымен ашық бортымен жүріп келе жатып, қажетті аралықты сақтамай, көлік құралының өлшемін ескермей, жылумен қамтамасыз ету құбырымен соқтығысқан. Апат салдарынан көлік құралы мен құбырға механикалық зақым және материалдық залал келді. Жүргізушіге Әкімшілік заң бұзу туралы кодекстің 610-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды және шешім қабылдау үшін материал сотқа жіберілді», — деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, көлік құралы көшелерді қардан тазартуды жүзеге асыратын «Тазалық эксперт» ЖШС-не тиесілі.
Сондай-ақ, Қарағанды қаласының әкімдігі апат салдары жойылғанын хабарлады.
«Магистралды құбырдағы ақауды жөндеу жұмысы аяқталды. «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС ЖЭО-1-мен бірлесіп қазіргі уақытта гидравликалық режимді қалпына келтірумен айналысады. 2-2,5 сағаттан кейін температуралық режим қалпына келтіріледі», — деп хабарлады Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметі.