Госорганы

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған жігіттің соты бүгін тікелей трансляцияда өтеді

Бүгін Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған ер адамның ісі сотта онлайн режимде қаралады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот отырысы сағат 11.00-де басталады

Жоғарғы сот республика бойынша сот отырыстарын тікелей эфирде өткізу тәжірибесін жалғастырып жатыр.

Қарағанды қаласында жедел жәрдем жүргізушісіне күш қолдану арқылы бұзақылық жасаған адамның сотының жалғасы Қарағанды қаласында, бүгін, 17 маусым сағат 11:00-де өтеді.

Сот процесінің онлайн-трансляциясын Жоғарғы соттың YouTube-арнасынан мына сілтемеде көруге болады.

Еске салсақ, Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали есімді жігіт атышулы оқиғаның қалай болғанын айтып берген болатын.

Кейін «Жедел жәрдем» жүргізушісіне дене жарақатын келтіру бойынша күдікті Нұрболат Дәкебаев қолға түсіп, кешірім сұрады.

Нағыз қаныпезерлік

Осы оқиға қоғамды дүрліктіргенде депутаттар да пікір білдіріп, бұзақыны ел алдында қатаң жазалау керек екенін айтқан еді. Мәселен, депутат Елнұр Бейсенбаев Дәкебаевтың әрекетін әбден шектен шыққандық деп бағалаған.

Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат.

Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік.

​1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық? — деді ол.

Сондай-ақ бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам жазалануы керек деп есептейді. Оның айтуынша, Сенатқа еніп кеткен денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасына қызмет бабындағы медицина қызметкерлерін қорғайтын қосымша норма енгізу керек.

Жұмыс бабындағы медицина қызметкеріне агрессия көрсеткен, ұрған жағдайдағы қылмыстық жауапкершілікті күшейту керек. Сонда әрине, менің ойымша, осындай жағдайлар азаяды. Кешегі болған жағдайлар тек бұзақылық. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болсын, мейірбике немесе дәрігер болса да, басқа пациенттерге көмек көрсетіп жүрген адам. Оны ұрып құлатқаннан кейін ол жағдай әрине, басқа азаматтарға әсер етеді. Сол себепті жауапкершілік жоғары болуы тиіс, – дейді ол.

Другие новости

Back to top button