Карагандинская область

Қарағандыда балалардың улануы: Жұмыстан шеттетілген дәрігерлер қайда жүр

Балалардың улану оқиғасынан кейін Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 10 қызметкері қайтадан өз жұмысына кірісті. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Осы факті бойынша облыста комиссия құрылып, оны облыс әкімінің әлеуметтік мәселелерге жетекшілік ететін орынбасары басқарады. Сол кезде бұл медициналық-әлеуметтік мекемеде бала өлімі тіркелген еді. Содан кейін комиссия медицина қызметкерлерін белгілі бір мерзімге жұмыстан шеттету туралы шешім қабылдады», — деді А. Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, кеше комиссияның шешімімен аталған медициналық-әлеуметтік мекемедегі 10 медицина қызметкері өзінің жұмысына қайта кірісті. Қалған екі медицина қызметкері, яғни бөлім меңгерушісі мен психиатр дәрігер жұмыстан шеттетілген.

Еске салсақ, 30 шілдеде Қарағанды облысының Балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, олардың біреуі қаза тауып, алтауы жансақтау бөліміне жеткізілді.

Тамыз айының басында Сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін тексеру кезінде орталық директорының міндетін атқарушы және осы орталықтың 12 медицина қызметкері жұмыстан және өз міндеттерін орындаудан шеттетілді.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлағандай, дәрігер мамандар балалар токсикалық заттан қатты улануы мүмкін екенін айтып отыр.

Другие новости

Back to top button