Госорганы

Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты қозғалған іс сотқа жолданады — Бас прокуратура

Бас прокуратура Қаңтар оқиғалары кезінде қаза болған 4 жасар Айкөркемнің өліміне байланысты қозғалған іс жақында сотқа жолданатынын айтты. Бұл жөнінде Азаттықсайты хабарлайды.

 

“Бұл қылмыстық істің аяқталғандығы туралы хабарым бар. Ол жерде оқ атуға бұйрық берген батальон командирінің іс-әрекеті сараланып, сол батальон командирі кінәлі деп танылды. Сол лауазым иесінің үстінен қозғалған қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолдану жоспарланып отыр”, – деп жауап берді бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.

Бұған дейін Қаңтарда қаза болған 4 жасар Айкөркемнің әкесі мен Қаңтарда оққа ұшқан Думан Қанатбектің әкесі прокуратураға барып, істі қайта тергеуді талап еткен еді. Өмірәлиев олардың кездесуі жөнінде жергілікті прокуратура білетінін айтты.

Бұған дейін жәбірленуші жақтың адвокаты тергеу органдары кішкентай қыздың өліміне жауаптыларды жазадан құтқарғысы келетінін айтқан. Балалар отырған көлікке оқ жаудырған адамдар бұл істе куәгер ретінде өтіп отыр. Ақпаратқа қарағанда, бұл істе бір ғана күдікті бар.

Жәбірленуші жақ күдіктінің “адам өлтіру” емес, “билік өкілетін асыра пайдалану” бабы бойынша тергелгеніне наразы.

Еске салайық, төрт жасар Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, ақпанда ауруханадан шыққан. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Балалардың әкесі бұған дейін көліктен әскери оқ тапқанын хабарлаған.

Другие новости

Back to top button