Қаңтар оқиғасы: Алматыда ұрланған мылтық жамбылдық тұрғыннан тәркіленді
Қазіргі уақытта күдіктінің басқа қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр
Жамбыл облысының 27 жастағы тұрғынынан Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ұрланған мылтық тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күдіктіні қаланың криминалдық полиция қызметкерлері ұстады.
«Ұстау іс-шарасы Әуезов ауданының аумағында болды. Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде аңшылық дүкеннен ұрлық жасады деген күдікпен 27 жастағы К. есімді азамат ұсталды. Қылмыскердің олжасы 12 калибрлі SIBERGUN тегіс ұңғылы мылтық болды. Заттай айғақтар тәркіленді және сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 291-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелген қылмыстық іс материалдарына біріктірілді», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Белгілі болғандай, ұсталған азаматтың бұрын да тонау жасағаны үшін сотталған. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.