Госорганы

Қант өндірушілерді баға демпингінен қорғау тетігі енгізілді – АШМ

Қызылша өсіруге арналған техникаға инвестициялық субсидиялар нормативі екі есеге дейін артты. Бұл туралы Сенатта өтіп жатқан Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Отандық қант өндіру саласын нығайту және импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында бес жылдық кезеңге арналған Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Оның аясында шикізатты қайта өңдеуге тапсыру кезінде субсидиялар нормативін 15 теңгеден 25 теңгеге дейін арттыру арқылы фермерлерді ынталандыру іске асырылып отыр», — деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, қызылша өсіруге арналған егу кешендеріне, техникаға инвестициялық субсидиялар нормативі 25-тен 50%-ға дейін артты. Бұдан басқа, қант қызылшасын өсіруге базалық субсидиялар сақталды.

Айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін қант зауыттарына Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы 0,1% мөлшерлеме бойынша 18 млрд теңге сомасында жеңілдетілген несие берілді.

«Биыл 22 сәуірден бастап 350 мың тонна көлемінде үшінші елдерден құрақ қанты шикізатын бажсыз әкелуге тарифтік жеңілдік қолданылып отыр. Қант өндірушілерді баға демпингінен қорғау үшін қанттың ең төменгі көтерме бағасын енгізу тетігі әзірленді», — деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, биыл қант қызылшасының егіс алаңдары 64% ұлғайды.

 

Другие новости

Back to top button