«Қалталы әйелдерге боди-массаж жасайтын боп кетті»: алматылық келіншек күйеуге әбден зерттеп барып шығу керек екенін айтты
Енем құрсағымдағы баланы алдырып тастағанымды қалады
«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген рас екен. Баламның әкесі біз танысқан кезде басқа адам еді. Маған деген ілтипаты ерекше, болашақ сәбиін көруге асық азамат-тұғын. Ал қазір оны үйге жалынып шақыра алмаймын. Балалы болғанына өкінетін сияқты», — дейді Айзада есімді келіншек.
Айзада азаматтық некедегі күйеуімен ғаламтор арқылы танысқан екен. Бір жыл жүріп, сүйіп қосылған екі жас қазір бөлек тұрады. Оның себебін оқырманымыздың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Сәбитпен инстаграм арқылы таныстық. Ол менің суреттерімді көріп, ұнатып, өзі бірінші боп хат жазды. Кейін кездесіп, таныстығымыздың соңы үлкен махаббатқа ұласты. Өзім жиырма сегізге келгенше оқу, жұмыс деп жүріп қалған қыз едім. «Өз адамымды кездестірдім» деп қатты қуандым. Мешітте некемізді қидырып, бірге пәтер жалдап тұра бастадық. Көп ұзамай аяғым ауырлады. Анам «осы сен қыз ертерек біреудің етегінен ұстап, туып алсайшы, уақытың өтіп барады» деп қатты уайымдайтын.
«Уақытың өтіп барады» деген сайын мен де балалы бола алмай қалам ба деп ойлаушы едім. Сол себепті менің қуанышымда шек жоқ еді. Сәбит те жаңалықты естіген сәттен бастап маған ерекше қамқор боп кетті. Бірақ бұл жаңалық менің енеме ұнай қоймады.
«Балалы болуға әлі ерте, алдырып тастасын» деп баласынан сәлем айтып жіберіпті. Орта жасқа келгенде аңсап, сағынып көтерген баладан енемнің бір ауыз сөзі үшін неге бас тартуым керек?! Сәбит маған дейін бір рет үйленіп, ажырасқан. Бірінші әйелімен арада заңды некесі, екі баласы бар.
«Ажырасып, екеуміз заңды некеге тұрайық» деп талай мәрте айттым. «Ондай жағдайда алимент төлеуім керек» деп көнбей қойды. Балаларын ерекше жақсы көреді, ай сайын ақшалай көмектесіп, демалыс күндері біздің үйге әкеп тұрады. Бір жолы әйелі «мен күйеуге тием, екі балаңа өзің қара» деп біздің үйге әкеп тастады.
Арамыздағы ұрыс-керістің басталуын осы балалардың біздің үйге келуімен байланыстырамын. Екі баланы қанша бауырыма басып, қамқорлық көрсетсем де Сәбит екеуміздің арамызға түсіп, небір нәрселерді істейтін болды. Істеп жатқан тамағыма уыстап тұз салып кетеді, бос шәугімнің астына от жағып кете салады. Демалып жатсам ваннаның түбін бекітіп, суды тасығанша толтырып қояды. Мені ашуландыру үшін, әкелерімен арамызды алшақтату үшін істеп жатқанын түсінсем де біразға дейін сыр бермей жүрдім. Бірақ шыдамның да шегі болады екен. Киімдерімді қайшымен әр жерінен кескілеп тастағанда бомба сияқты жарылдым ғой. Осы оқиғадан кейін енем «саған қарау қиын болса, мен барып қараймын» деп жалдамалы пәтерімізге көшіп келіп алды.
Ауылға алып кетсе болады ғой, жоқ, керісінше, әдейі, менің нервіме тию үшін қосымша болды. Күйеуімнің табысына тағы бір адам қосылды. Өзім жерікпін, жейтін асыма жете алмаймын, аузым қимылдай бастаса екі бала «не жеп жатырсың» деп қолымдағыны тартып әкетеді…
Алты айдан кейін екі баланы шешесі әкетіп қалды, «сағындым» деген сылтаумен қолына алды. Бірақ бала қарауға келген енем ауылына қайтпады. Қайта менің әр тірлігімнен мін іздеп, үйдің шаруасына араласып, арамыздағы сыйластықтың жібі жіңішкере бастады. Енем жұмыс істемейді, қайын сіңлім қызметтегі адам болса да ақшалай көмектескен емес. Оның алдында ғана мен күйеуіме қоғамда жүріп, елмен араласады ғой деп қажетті киім-кешегін, жұмысына қажетті заттарын сатып алып бергенмін. Сүйіктім осы жайтты айтып мақтана бастап еді, анасы міз бақпастан, «бұлай болуы заңды құбылыс» деп шорт кесті. Әңгіменің жалғасы ішімдегі балама жетті.
«Бұл баланы асығыстықпен жасап, бекер қалдырдыңдар» деді. Мұны естіп жеп отырған асым ас емес, у болды. Әлі дүниеге келмеген жазықсыз шарананы қателік деп отырған енеме жол болсын, сәбиім енемнің бірдеңесін тартып алатындай не көрінді? Осы отырыстан кейін күйеуіме анасының біздің отбасымызды бәрібір қабылдамайтынын айтып, онымен жақсы қарым-қатынасымды сақтап қалу үшін бөлек тұруымызды өтіндім. Алайда ол анасынан кетпейтінін айтты. Отбасымыздың шырқын бұзатын, баламды қабылдамайтын енеммен бір шаңырақ астында қалайша бірге тұрмақпын? Сүйіктімнің ешқандай әрекет жасамағанына күйініп, өз ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Баламның әкесін күттім, ол артымнан іздеп келмеді. Осылайша күндер өтіп, көптен күткен сәбиімді дүниеге әкелдім. Босанғанда әкесі келіп ұлын көрді, атын қойды. Содан қайтіп төбе көрсетпеді. «Балаңа дәрі керек, ауырып жатыр» деп қаржылай көмек сұрағаныма да былқ етпеді. Бір күні араққа сылқия тойып келіп, «ренжімеші, енді балама өзім көмектесем, керек-жарағын әперіп тұрам» деп уәде беріп кеткен. Ертеңіне онысын ұмытып кетті.
«Сен бұрын басқа адам едің ғой, балаңды асыға күтіп едің, айналдырған екі-үш айдың ішінде не өзгерді?» деп ашық әңгімеге тартқам. Сөйтсем «мен қазір қыз-келіншектерге эротикалық массаж жасаумен айналысам. Қалталы келіншектерге интим қызмет көрсетем» деп шынын айтты. Ол бұрын бір медициналық орталықта балалар массажисі боп істейтін. Қызметін өзгертіп жіберіпті. Осыны естігеннен кейін одан күдерімді біржола үздім. Сәбитті кінәламаймын. Ынжықтау, шешесінің ықпалынан шыға алмайды. Әке тәрбиесін көрмеді. Сондықтан әкелік махаббатын балаларына көрсете алмайтын шығар. Ал шешесіне не жоқ? Баласының әр әйелмен әуейі боп жүргені ұнай ма? Отбасылы боп, бала-шағасымен бақытты ғұмыр кешуіне неге қарсы болды? Екі келінінен ажыратып алғанда не опа тапты екен? Менің қыз-келіншектерге айтарым, бірнеше рет ажырасып үлгерген адаммен отау құрмас бұрын жақсылап ойланыңыз. Не себепті, қанша рет ажырасқанын, қанша баласы бар, оларға көмектесе ме деген сауалдарға жауап алыңыз. Өйткені, алдыңғы отбасылық өмірін келістірмеген адам сізді және балаларыңызды бақытты етуі екіталай…»
Дереккөз: Ernur .kz